Дуалды оқыту орталығы ашылды

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротехнология факультетінің студенттерін дуалды оқыту орталығы Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС-ің базасында ашылды.  Жаңа орталықта студенттер унивиерситетте алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, білімдерін шыңдауға мүмкіндік алды.

Дуалды оқыту орталығы облыстық мәслихаттың депутаты, «Победа» ЖШС-ің директоры Александр Поляков пен агротехнология факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Бексейітовтың бастамасы бойынша ашылды.

Тоқтар Бексейітовтың айтуынша, агротехнология факультеті «Победа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен ұзақ уақыт тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Кәсіпорында алдыңғы қатарлы технолоогиялар қолданылады, малға жем-шөп беру процесі толық автоматтандырылған.

— Оқу орталығы жыл бойы жұмыс істейді, — деді ол. – 10-15 адамнан құралған топтар оқытушыларымен бірге тәжірибеден өтеді. Оқу корпусында оларға қажетті тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалған. Оқу кабинеттері, жатын бөлмелері бар.

Павлодар мемлекеттік университеттің агротехнология факультеті өңірдегі ауыл шаруашылығы кадрларын дайындайтын жетекші орталық ретінде қалыптасты. Факультет ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу мамандықтары бойынша білім береді.

Сонымен бірге, осы күні «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша білім алған студенттер жаңа орталықта дипломдық жобаларын қорғады.

Әлихан Рахметоллаұлы