ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТӨЛЕБИДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ ҚАЖЕТ»
Бүгін облыс әкімдігінде Төлеби ауданының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту мәселесі қаралды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданның мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аталған құжатты жетілдіре түсуді тапсырды.

– Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер. Аудан мегаполиске жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Жұмысты жүйелеңіздер. Кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Төлеби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаев даму жоспарын таныстырды. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі былтыр 145 млрд. теңге болса, биыл 149,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 млрд. теңгеден 115 млрд. теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 млрд. теңгеден 15 млрд. теңгеге, сауда көлемін 28 млрд. теңгеден 84 млрд. теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 млрд. теңгеден 154 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ
.


Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі