БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА

🔰Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұланғайыр атырап Ұлы Даланың Мәңгілік Елі – Қазақтың алтын бесік атажұрты. Шапса тұлпардың тұяғы, ұшса сұңқардың қанаты талған бұл кең байтақ дала бұл күнде 130-дан астам ұлт пен ұлыстар қоныс тепкен шырайлы мекен.
🔰1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, аудандық мәдениет үйінің жаздық сахнасында «Бір шаңырақ астында» атты мерекелік шара өтті.
🔰Алаңда жиналған халықтың қарасы мол болды. Сахна маңы мерекеге сай шар, гүл шоқтар және жалаушалармен көркем безендірілді. Түрлі көрмелер ұйымдастырылып, әртүрлі этнос өкілдерінің ас мәзірлері ұсынылды. Алдымен аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері бастап, этнос өкілдерінің көрмесін тамашалады. Ауданымызда тату — тәтті тұрып жатқан этнос өкілдері ұлтаралық татулықты сақтап отырған аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді.
🔰Шараның шымылдығы «Айжанқыз» халықтық бишілер ұжымының «Достық биімен» басталып, би соңында кішкентай қыздар көгершін киімін киген қыздар бейбітшілік құсы көгершінді аспанға ұшырып, бейбітшілігіміз мәңгілік болсын деген тілектерін көрініспен жеткізді.
🔰Мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, елдің бірлігін сақтау — басты міндетіміз екендігін айтты. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков те ізгі тілегін жолдады. Салтанатты шарада аудандағы ұлтаралық келісімнің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар этнос өкілдері, мекеме, бөлім қызметкерлері «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
🔰Шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің өнерпаздары өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.