БАТА САТЫЛМАЙДЫ

Бата беру — ермек емес. Ол ерте заманнан халқымызбен бірге жасасып келе жатқан рәсім, ата дәстүріміз екені белгілі.

Бата берудің де, сыйлы адамның батасын алудың өз орны, реті бар.
Оған деген құрмет ақысын төлеуден жоғары болуға тиіс.
Алайда, қадір-қасиеті бар осынау жоралғыны жерге таптайтын сәттердің куәсі болғанымызды айтуды жөн санадық.
Жылда қасиетті ораза айы кезінде жекелеген мектеп жасындағы балалар жарамаздан айтқан болады. Барын салып, тәп-тәуір ұйқасымен заманға лайықтап шумақтар құрады. Дәстүрді жалғастырып, оны өнерімен өрнектеген өрендерге мың рахмет, талабына нұр жаусын дерсіз. Ал, енді біреулері жарамазданды шала-пұла айтқан болып, арамзалықпен сұраншақтанады. Тіпті көпшілік орынға, ортаға барып, бата беріп, онысына ақша дәметкіш балалар пайда болды. Желікпе топтың ішінен пысықайлар әуес көріп, берген батасы үшін дүбара балаға тиын-тебен қыстырады. О заманда, бұ заман, бала-шағаның үлкенге бата беруі қайдан шыққан, тіпті ерсі емес пе?
Оның орнына жақсы тақпағын, ақындардың өлең-жырын жатқа оқыса, өзге өнерін көрсетсе жарасып кетпей ме? Осы бағытқа бұрса болмай ма? Қазір “талаптың тоқпағы тасқа шеге қағатынын” үлкен-кішінің бәрі біледі. Егер тыңдаушы талап етсе, талғамын танытса, олар өнерін, білімін шыңдай түсер еді.
Әйтпесе, жас балалардың шала-шарпы, шөре-шөрелеп бата беруіне не жорық?
Мұндай бассыздықтың алдын алу ұлттық құндылықтарымыздың бірегейін аяқасты етуден арашалап қалумен бірдей деп санаймыз.
Әрбір отбасыдағы тәрбие бірінші кезекте ар-ұятты биік ұстап, ата дәстүрімізді сақтап, аялауға бағытталуы керек. Басқаша айтқанда, обал-сауапты білген атам қазақ “әке тұрып ұл сөйлегеннен без…” деп босқа айтпаса керек.

P.S. Фотосуреттің жасанды интеллект өнімі екендігіне назар салыңыз.

Дархан МЫҢБАЙ