Бала кезімізде қолға су құюға таласатынбыз

Бала кезімізде қолға  су құюға таласатынбыз

Келген қонақтардың қолына су құю – салт-дәстүрдің бірі. Бала кезімізде әке-шешеміз  «Ертең қонақ шақырамыз. Үйде бол! Қолдарына су құясың. Үлкендерден бата аласың» деп шегелеп қоятын. 

Үйіне келген кісілерді құдайындай сыйлап, қорасындағы жалғыз қойын сойып тастайтын қонақжай қазекең, құдайы қонағын төріне отырғызып, солардың бабын табу үшін қолын қусырып, жан-тәнімен қызмет қылатын халық. Бала күнімізде атам қолымызға құман мен шылапшын ұстатып, мойнымызға тап-таза сүлгіні іліп, үйге келген кісілердің қолына су құйдыртатын. Сол кезде атамыз ерінбестен бізге су құятын құман-шылапшынның таза, ал құмандағы судың жылы болуы керектігін құлағымызға құйып, санамызға сіңдіріп отыратын. Қонақтың қолына су құйған кезде құманды қос қолдап ұстап, суды шашыратпай, сыздықтатып бөліп-бөліп құюдың өзі үлкендерді сыйлап, құрметтеуге үйрететін, басқа ұлттың бойынан табыла бермейтін нағыз қазақы ұлттық тәрбиенің алғашқы сатысы екен ғой. Сол құнды ұлттық тәрбиеге өз арамыздан шыққан кейбір «көзі ашық» азаматтардың шошына қарайтыны да өтірік емес. Үйіндегі жас баласына құман ұстатып, мойнына сүлгі іліп, келген кісілердің қолына су құйдыртатын әдет бізге Сүлеймен пайғамбардың заманынан мирас боп қалған екен.

Сонымен ата-ананың тапсырмасына сай, қонақтар кіріп жайғасқан бетте құмған мен легенді қолыңа алып, иығыңа сүлгіні іліп шеттен бастап қолдарына су құйып шығасың.

«Әйдік жігіт бол!»,  «Бақытты бол!», «Көсегең көгерсін!», «Жолың болсын!» деп үлкендерден бата алып бір жасап қалатын едік. Кейін білдік қой, ақ батаның қадірі мен қасиетін.

Бүгіндері осы дәстүр жойылып бара жатқаны қынжылтады. Қала түгілі ауылға барсақ та, қолымызды сырттан жуып барамыз, шығарда таласа-тармаса қолжуғышқа қол шаямыз.

Мен өзім, ұлдарым есейіп қалса да, қонақ шақырсам, қолға су құйдыртуға тырысам. «Келген қонақтардың ақ батасын алыңдар» деп айтып отырам үнемі. Мені танитындар сөзімнің растығына куәлік етер.

Құрметті осы жазбаны оқып отырған ағайын, сіздің балаңыз қонақтың қолына су құя ма? Қазақпыз дейміз, қазақылық осыдан басталмай ма?

Өткен жұма күні «Әзірет Сұлтан» мешітінде жұма намазының уағызында бас имам Ерболат Жүсіпов қазақтың салт-дәстүрлерін сөз ете келе, қолға су құйып, қонақтардың ақ батасын алу жайлы керемет әңгіме айтты.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазекеңнің мақалының астарында үлкен даналық жатыр. Әрбір ұлттың өзіне тән, бала тәрбиесіне қатысты баға жетпес асыл үлгілері бар емес пе? Ұлы Абайдың анасы Ұлжан бесіктегі кішкентай бөбегін дәрет алып барып, емізуді әдетке айналдырған екен. Сол Ұлжандай асыл жанның періштедей пәктігі мен тазалығы анасының ақ сүтімен дарыса, Зередей қасиетті әжесінің бесік жырын тыңдап өскен, екі бірдей тектінің тәрбиесінен шыққан адам осал бола ма? Атам қазақ үйіндегі кішкентай балаларына тіл шыққаннан бастап, олардың бойына ұлттық тәрбиені құлағына құйып, санасына сіңіре бастайды. Үйіне келген қонақты қарсы алу, оған қос қолдап сәлем беру, қолына су құю сияқты ұлттық тәрбиенің үздік әдістері бұл күндері бала тәрбиесінен шығып бара жатқандай. Керек болса, ауылда өскен бала мен қала баласының арасындағы айырмашылық аспан мен жердей. Ауылда өскен балалар қала баласына қарағанда бауырмал, қарапайым және кішіпейіл боп келеді. Бала тәрбиесі от басынан басталатынын естен бір сәт шығаруға болмайды. Қазақ атамыз «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деп тегін айтпаса керек. Ұрпағымызды үлкенді сыйлап, олардың ақ батасын алуға үйретейік, тәрбиелейік!

Нағашыбай Қабылбек