АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — АСЫРАУШЫ САЛА
Қасиетті Бурабай жерінде биылғы жылы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы жариялаған негізгі бастамаларға сәйкес өткен аптада Көптерек ауылдық округі аумағындағы Дәулет Қонқашев басқаратын «QazMeatExport» шаруа қожалығы алқабында Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Ауыл шаруашылығы саласын дамыту» тақырыбында эксперттік ғылыми, көшпелі дала семинары өтті.

Семинарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ғылыми зерттеу, лизингтік компания, өңірдегі сала өкілдері, кәсіпкерлер мен депутаттар қатысты.
Семинар басталар алдында қонақтар Дәулет Қонқашов басқаратын «QazMeatExport» шаруа қожалығының жаздық арпа, күздік бидай, көкөніс және жылдық шөп алқаптарымен танысты. Ауыл шаруашылығы техникалары, су үнемдеу техникалары, тыңайтқыш, тұқым және қайта өңдеу өнімдері көрмесін аралап көрді.
Семинарды облыс басшысы Е.Қарашөкеев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жетілдіру, фермерлік және шаруа қожалықтарын қолдау, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, аграрлық ғылым мен инновацияны өндіріске енгізу мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру мәселесі сөз болды.
Семинарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров, басқада мамандар сөйлеп, ауыл шаруашылығын дамытудың жолдарына тоқталды. Мемлекет есебінен ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп жатқан көмектер, өнімді молайтудың жолдарыда айтылды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды», — деп ауылдық ағайынның тұрмысы да осы салаға байланысты екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есеге арттыру қажеттігін атап айтқан, — деген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев семинар жұмысын қорытындылады.
Семинар соңы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері және көп жылғы жемісті еңбектері үшін бірнеше еңбек озаттары ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Алғыс хаты, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Олардың арасында ауданымыздағы «Наурыз» шаруа қожалығының төрағасы Ренат Абдуалиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, «QazMeatExport» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Қонқашев пен «Серікбай» шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Садиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатына, «Агрохолдинг Aspan» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарушысы Саха Манатов облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді.
Семинардан соң ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қосақ елді мекенінде жаңадан пайдалануға берілген ветеринариялық пункттің жұмысымен танысты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ