«Ауыл» партиясы Ақтөбеде аймақтық семинар өткізді

Ақтөбе қаласында «Ауыл» — партиясының құрылғанына 25 жыл толуына орай партия активтері үшін арнайы аймақтық семинар ұйымдастырылды. Екі күнге жалғасқан іс-шараның басты мақсаты – өңірлік партия мүшелерінің біліктілігін арттыру, ақпараттық-коммуникациялық дағдыларды жетілдіру және партияның даму бағыттарын талқылау.


Семинардың ашылу салтанатында «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейітжанов сөз алып, партияның ширек ғасырдағы жетістіктері мен қоғамдық-саяси өмірдегі орнына кеңінен тоқталды.
— Бүгінгі таңда «Ауыл» партиясы еліміздің аграрлық саласын дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту жолында нақты істер атқарып келеді. Парламент мінберінен бастап, жергілікті мәслихат деңгейіне дейін біздің партия өкілдері халықтың көкейіндегі мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ұсынуда. Бұл семинар – партия белсенділерінің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған маңызды алаң, – деді ол.

Мұнан кейін сөз алған партияның Ақтөбе өңірлік филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев өңірдегі партия жұмысының бағыттары мен жетістіктерін атап өтті.
Ашылу рәсімінде қатысушылар назарына «Ауыл» партиясының құрылуы мен даму жолдарын қамтитын «25 жыл белестері» атты деректі фильм ұсынылды. Фильмде партияның қалыптасу кезеңдері, белсенді мүшелерінің қызметі мен түрлі бастамалары жан-жақты қамтылған.
Семинар жұмысына партия басшылығымен қатар, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының өкілдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен партия белсенділері қатысты.


Іс-шара аясында қатысушылар әлеуметтік желілермен тиімді жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, цифрлық сауаттылық, партиялық құрылымның ішкі тетіктері сынды бірқатар маңызды тақырыптар бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысады.
Партия мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған мұндай семинарлар өзге өңірлерде де жалғасын таппақ.

М.ТАБЫН,
Ақтөбе облысы.