АТЫМТАЙ ЖОМАРТ АТАНҒАН КӘСІПКЕР АСХАТ АЙТЖАНОВ

Асхат Әбдірахманұлы 1962 жылы химиктер қаласы Алғада дүниеге келді. Ол кездері қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы енді-енді түзеліп келе жатқан уақыт!  «Жұт жеті ағайынды» демекші, 1966 жылы асқар таудай әкесі Әбдірахман қайтыс болады. Шиттей 4 перзентін құшақтап жастай жесір қалған Төлеу апамыз белді бекем буып, еркектерше білекті сыбанып жұмысқа араласады. Қолында анасы, балаларға қарайтын әжелерінің болғандығына да іштей шүкіршілік айтып, жұмысына алаңсыз кіріседі. Ол кездері халықтың басым бөлігінің пейілдері, ниеттері таза болатын. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген ғұламалар өсиеттеріне берік халқымыздың ешбір халықта кездесе бермейтін тағылым, тәрбие, имандылығы және бар. Сол себепті де Асхаттар елмен бірге күндерін көріп жатты. «Қолы қимылдағанның ерні қимылдайды» дегендей, екі қолға бір күрек табылатын еді. Асхат орыс мектебінде оқыса да қазақшылығы мол жігіт болып өсті. Оны өзі айтқандай «кемпірдің баласы» болғандығынан болса керек. Бала кезінен кітапқа әуестігі де оның болашақта Үлкееен тұлға болып қалыптасуына көп септігін тигізеді. Алға өндірістік қала болғандықтан, химия зауытын үлкейту мақсатында, ұсақ-түйек қылмыс жасағандарды құрылыс жұмыстарына тартқан еді. Яғни арнайы комендатура ашылды. Романтика қуып жүрген көптеген жастар сол төңіректен шықпайтын болды. Алғалық ата-аналар үшін бұл да бір уайым еді. Соларға еліктеген көптеген жастар істі болып сотталды. Күш-қуаттары бойына сыймай жүрген,  өтпелі кезеңдегі шыбықтай майысып тұрған балғын жастардың дені спорт үйірмелеріне барып, өздерінің болашақтарын айқындап алды. Асхат та бала кезінен спортты жанына серік етті. Бокс, футбол, баскетбол т.б. спорттық ойындарды жақсы меңгерді. 1979 жылы мен әскери борышымды өтеп Алғаға келгенімде Асхатты кешкісін би алаңынан кейін көше де жолықтырдым. Қасында он шақты достары болды. Ананы-мынаны айтып біраз отырдық. Сол кездегі өзін-өзі ұстауы, киім киісі, сөз саптаулары, айналасына сөздерін өткізе алатындығы оның болашақта зор азамат болатынынан хабар бергендей еді. Асхаттар әкесі Әбдірахманнан тым жастай жетім қалғандығын жоғарыда айтқанбыз. Анасы – Төлеу апамыздың күш-жігерінің арқасында, балаларының бәрі аман-есен ержетті.

Бала күндерінен бірге өскен достары: Ибрагим Жұмамұратов, Ғалымжан Латыпов, Темірғали Шарипов т.б. достарымен  бокс үйірмесіне барып, облыстық жарыстарда жүлделі орындар алып, жастар арасында беделдері өсті.  Сол кезде қарқын алып, өршіп келе жатқан шылым шегу, арақ ішу, анаша шегу сияқты жаттан келген келеңсіздіктерді тыюмен қатар, орынсыз боқтық сөздерді кім қолданса, сол айыппұл төлейді деп өзара серттеседі. Нәтижесі жаман болмапты. Біраз достарының дұрыс бағытқа түсулеріне септіктерін тигізіпті.

Алға сияқты өндірісті қалаларда жастар арасында қылмыстық топтардың болатындығы бесенеден белгілі. Зауыттың тарихына көз жүгіртсек, Алғадағы («АктюбХимЗавод») химиялық зауыт Совет Одағының алғашқы бесжылдығының жемісі болатын. Репрессияға ілігіп, ауыр жазалардың орнына қара жұмысқа жегілген арестанттардың күшімен салынған Қазақстан химия алыбы, осы кішкене ғана қалашық Алғадан бастау алады.

Жазар адам табылса, Алғаның өзіне тән ғажайып тарихы бар.

…Тұрғындардың еттерінің үйреніп кеткені соншалықты, сотталулар кезекті әскери міндеттерге айналып кеткендей әсер беретін!

Оның үстіне шартты жазаға кесілгендермен, химиялық жұмыстарға жіберілгендерге арналған спецкомендатура Алға жастарының мінез-құлықтарына әсер еткені де боямасыз шындық еді.

Асхат сияқты жастар артық күш-қуаттарын спортқа бағыттағандықтан, қылмыстық топтардан алыс жүреді. Яғни, спорт жігерлі жастардың болашақтарына жақсы баспалдақ болған десек, қателесе қоймаспыз!

АСХАТТЫҢ АСҚАҚ АРМАНДАРЫ

Мектепті бітірген бойда, көптеген қала жастарына тән зауытқа жұмысқа тұрады. Асхат әскерге дейін үйленген болатын. Әскери міндетін өтеп келгеннен соң, қайтадан зауытқа жұмысқа тұрып, өзінің харизмасының арқасында басшылықтың көзіне түсіп, жастармен жұмыс жасайтын, комсомолдық қызметтерге тартылады.  Кейіннен  облыстық комсомол комитетіне қызметке шақыру алады. Жанына өзі тектес жастарды жинайды. Совет Одағының тынысы тарылып, ыдырап кеткеннен кейін, жаңалықтарға жаны құмар Асхат Әбдірахманұлы көп адамдардың жүрегі дауалай бермейтін жаңа кәсіп – бизнеске ауысады. Бұрын істеп көрмеген кәсіптің де өз қиыншылықтары мол-тұғын! Жұмыссыздық жайлаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының барлық ауыртпалықтарын  бір кәсіпкердей көрген еді.  Барлық қиындықтарды жеңе білген жігерлі Асхатқа қалай сүйінбейсің?! Совет халқының басым бөлігіне жат көрінетін сауда-саттық, бизнес сияқты қыр-сыры мол кәсіпке батыл кірісіп кетті. Ақылдасар,  арқа сүйер ешкімі жоқ. Арда жігіт тәуекелдің қайығына отырып, кітаптардан ғана білетін, тоқырау кезеңінде елімізге басты жау саналатын АҚШ-қа да барып, төрт жыл экономикалық бағытта оқып, тәжірибе жинақтап қайтқанының өзі неге тұрады? «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен ақыл сұра»деген осы шығар?! Асхат тапқан-таянғанынан айналасындағы мұқтаж жандарға да көңіл бөліп жүреді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – САУАПТЫ ІС

Жоғарыда Асхат Айтжановты Атымтай жомарт дедік. Енді, осы тақырыпты тарқатып көрелік. Қазіргі заманда байлар көп тиынның татын жалаған. Қайырымдылық жасамақ түгілі өзінің бала-шағасына да қимайтын.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, Асхат Айтжанов та өзінің айналасына шуағын шашып жүретін атпал азамат екендігін көрсетумен келеді. Менің білетінім – Алға бокс мектебінің негізін қалаушы Александр Иванұлы Лыпенко атындағы облыстық турнирге қаншама жылдардан бері демеушілік көрсетіп келеді. Ақтөбе облысынан шыққан бокстан тұңғыш КСРО (СССР) спорт шебері, желтоқсаншы марқұм Болат Телеуовты еске алу турниріне де, қомақты қаржы берді. Алғалық желтоқсаншы марқұм Берік Тайбөкеновті еске алу турниріне де атсалысып жүр.

Халықаралық спорт шебері марқұм Бауыржан Ақшолақов атындағы турнирге де қайырымдылық көмек көрсетеді.

Біз өзіміздің куә болған жағдайларды ғана айтып отырмыз. Біздің назарымыздан тыс қаншама қайырымдылықтар жасалып жатыр.

Асхаттың берік ұстанымы «Оң қолың берген көмекті сол  қолың көрмесін!» деген шариғи қағидалармен үндесіп жатқандай…

Алғалық жоғары санатты мұғалім Бәтима Баймұратова Асхат Әбдірахманұлына байланысты мынадай жүректі тебірентерлік әңгіме айтқан еді.

«90 жылдардың орта кезі болатын. Мардымсыз айлықтың да уақытылы берілмей әбден ығыр болып жүрген уақыт еді ғой… бір күні директор «ертең бір кәсіпкер келеді, интернаттың ішін жиыстырып, тазалап қоялық» деді. Онсыз да таза ұстайтын едік. Асхат Айтжанов бастаған кәсіпкерлер ертеңіне сау ете түсті. Төрге жайғасқан қонақтар не айтады екен деп бәріміз  құлақ түріп отырмыз.

Бір кезде Асхат: «Бәтима апа, сіз де осында жұмыс істейсіз бе?» – деп орнынан тұрып қолымды алды. Бала кезінде көрші тұрған едік. Соны айтып есіне түсірді. Интернатқа керек-жарақтың барлығын әкелген екен. Соны табыстап, апам еді деп… маған да сый-сияпат берген болатын. Сөйтіп, көптің алдында еңсем бір көтеріліп қалып еді. Құдай да қаржы мен дүниені кең жүректі жандарға береді деген рас-ау!  Біздің Асхат та сондай асыл, текті жандардың қатарында ғой… – деп ағынан жарылып еді.

Бокстан КСРО Қарулы күштерінің 3 дүркін жеңімпазы, Тайланд королінің белбеуі үшін өтетін ірі халықаралық сайыстың жеңімпазы, 10 рет Бүкілодақтық жарыстардың жеңімпазы, көптеген жарыстардың жүлдегері болған, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновты елімізге тартқан белгілі жаттықтырушы Ерік Балжанов та пікір білдірді.

– Асекең туралы айтар болсам, тек жақсы жағынан білемін. Бала шағымызда үлкендігін білдіріп, бізге қамқоршы болып жүретін. Еңбек жолын зауыттан бастады. Жастармен жұмыс жасады. Тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіппен айналысты, құрылыс саласында… Көптеген қарапайым адамдарға көмектесіп жүреді. Жұмыс тауып береді. Жарысқа баратын қаражат сұрап барғанда маған да талай рет көмектесті. Менің шәкіртімнің әлем чемпионы болуына Асхат Айтжановтың тікелей қатысы бар.

Асхат ағама көп рақмет, аман болсын! «…Әрине, Асхат сияқты өзін-өзі көтерген жігіттер айналасына көз салып, қарлығаштай көмектерін беретіні заңдылық шығар. Өйткені бала кезінен қарапайым халықтың арасынан шықты. Еңбек адамдарының жан дүниесін түсіне біледі.  Қалталы азаматтардың басым бөлігі олай ойламайды ғой…

АСХАТТЫҢ ФЕНОМЕНІ

Қарапайым отбасынан шығып, өзінің алғырлығының, ізденімпаз білімділігінің арқасында кәсібін дөңгелетіп, биік тұғырдан көріне алғандығын жастарға үлгі-өнеге ретінде айтып отырмыз. Жақында ғана пайғамбар жасына толған Асхат інімізді құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасылық бақыт тілейміз!

Әлі күнге тұғырдан таймай, шаршамай-шалдықпай ылғи да іссапарда жүретінін ескерсек, Асхаттың әлі де бергенінен беретіні көп болсын дейміз!

Жақында А. Айтжановтың өмірбаяны іспеттес алғалық кәсіби журналист Мерал Жармұхамбетовтың «Человек, который сделал себя сам» деген кітабы жарық көрді. Ағамызға Алла разы болсын деп рақмет айтамыз!

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ,

Алматы – Ақтөбе – Алматы