Астана қаласында Түркістан театры IV маусымды қорытындылады
Түркістан музыкалық драма театрының Астана қаласындағы гастрольдік сапары өтті. Алғашқы болып Ф. Аттордың «Sheikh Sanaan. Fatum» қойылымы өтті. Сенім мен махаббатты арқау еткен бұл туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қойылым парсы-тәжік классикалық әдебиетінің өкілі Фаридуддин Аттордың шығармасына негізделген. Режиссері – Тәжікстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Орталық Азиядағы ең танымал театр режиссерлерінің бірі, драматург Барзу Абдураззоков.
Аталған хикая – адамның сенім, махаббат және өзіндік ізденіс жолындағы күрделі тағдырының символы. «Sheikh Sanaan. Fatum» оқиғасы көрерменді рухани сұрақтарға жетелеп, өмір мен сенімнің шынайы мәнін іздеуге шақырады. Шейх Санаан – ұзақ жылдар бойы тақуалық жолында жүрген, мыңдаған шәкіртке ұстаз болған, ел басқарған ұлы шейх еді. Алайда бір күні өзге дін аруын кездестіріп, оған ессіз ғашық болады. Бұл сезім басты кейіпкерді жүрек пен сенімнің арпалысына алып келеді.
Келесі күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында «TURKISTAN» ансамблінің гала концерті өтті. Бұл кешке Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, қолдау білдірді. Елордалық көрермен жоғары деңгейде өткенін алға тартып. ыстық ықыласын жеткізді. Ұлттық өнеріміздің өркендеуіне айрықша үлес қосатын ансамбль Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Балажанованың жетекшілігімен ашылып отыр. «Түркістан» ансамблі ұлттық мәдениетімізді сақтап, оны әлемге таныту жолында үлкен міндеттерді атқаруға дайын. Жаңа ұжым Түркістан қаласының мәдени өмірін байытып, елдің музыкалық саласында жаңа кезеңнің бастамасын қалау мақсатын көздейді.
Ал соңғы нүктесін қойған «Вальс королі» музыкалық драмасы да Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сахналанды. Қалың көпшілік тәнті болып, ұлы композитор Шәмші әлеміне саяхат жасады. Маусым қорытындысы ретінде елордада көрерменге ұсынылған Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» қойылымы ерекше ықыласпен қабылданып, жылы пікірге бөленді. Спектаклді қоюға халықаралық деңгейдегі көптеген тәжірибелі мамандар атсалысқан. Қоюшы режиссері – Карло Шакаллуга «Вальс королі» атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың бай шығармашылығы мен әуелеген әнмен өрілген тағдырынан сыр шертетін қойылымды сахналау, қазақ ән өнерімен танысу қызық әрі жаңа деңгей болғанын жасырмады. Қойылым өте жоғары деңгейде болды. Композитордың сезімге толы шабытты шақтары, өмірдегі жан күйзелісі мен Отанға деген шексіз махаббаты шебер суреттелген. Түркістандық өнер ұжымы Шәмшінің Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Мұзафар Әлімбаев сынды танымал ақындармен шығармашылық байланысы көрермен жүрегіне жеткізе білді. Шәмшінің бозбала, жігіт, ел ағасы кезін сомдаған үш әртіс те жұртшылықты тәнті етті.
⠀
Бір маусымда шығармашылық топ бес жаңа премьерасы ұсынған. Атап айтсақ «Вальс королі» музыкалық драмасы,«Жалдамалы пәтер» музыкалық драма комедиясы, «Шейх Санаан. Фатум» драмасы, «Түркістан» ансамблінің мерекелік гала концерті, «Қара сөз» пластикалық спектаклі. Келер маусымда театр ұжымы өз көрерменін ерекше қойылымдармен қуантпақ.
Түркістан қаласы