АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАУЫРЖАН БАЙБЕК МЫРЗАҒА!
Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы! Алматыда сонау заманнан бері өзгермей келе жатқан екі нәрсе бар. Оның біреуі — Жетісудың әскери губернаторы болған генерал Колпаковскийдің атындағы көше болса, екіншісі – қазақ пен қырғыздың әскеріне қарсы соғыста «ерлікпен» қаза тапқан Николай Бутаков атындағы Бутаковка шатқалы. Екеуі де Алматының ең көрнекті жерінде орналасқан. Осылар көзіме түскен сайын, бізде әлі де соларға құрметпен қарайтынын байқаймын. Егер құрметпен қарамаса, отарлаушылардың қаңсығы бізде неғып тұр? Баяғыда жойылып, әрқайсысы өзінің тарихи атауын алуы керек еді ғой?! «Рухани жаңғыру, рухани жаңғыру» деп жатырмыз. Осы екеуінің атын ауыстырсақ, қаламыз кәдімгідей рухани жаңғырып қалғалы тұр. Колпаковскийдің атындағы көшеге солармен соғысып жүріп шейіт болған Сыздық сұлтанның есімін беріп, Бутаковкаға Шыбындысай деген ескі атын қайтарсақ, бұл сіздің қаламыздың рухани жаңғыруына қосқан үлкен бір үлесіңіз болатын еді!
Жолымбет Мәкіш фб парақшасынан