Алқалы жиын, тарқатылған түйін…
– Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті сұхбат, яғни диалог орнатуға ықпал етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп, елдік бастамаларға өз үлесін қосып жатыр.
Ассамблея сессиясы жыл сайын өтеді. Онда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс. Сессиялар аралығындағы жұмысты Ассамблея кеңесі атқарады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер мен әкімдер кіреді. ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады», – деді Мемлекет басшысы.
130-дан астам ұлт пен этнос өкілдері өмір сүретін көпұлтты Қазақстанда бұл ұйымның айрықша маңызды орны бар екені мәлім. Қазірге дейін «тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған» алуан түрлі халықтың өкілдері байтақ даламызда тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің орнықтылығы мен баянды дамуына өз үлестерін қосып келе жатқандығы шындық.
«Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталғым келеді», – деген Президент ары қарай қыруар жұмысты үнсіз ғана атқарып жатқан жанкешті жандар туралы да сөз қозғады.
«Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр. ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді», – деді Мемлекет басшысы.
Иә, біздің елде еңбегімен көзге түсіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген өзге ұлттың өкілдері аз емес. Барлық қазақстандықтардың мақтанышына айналған осындай тұлғалар «дінім бөлек, ділім бөлек» деместен туған жерге туын тігіп, егемен елдің дамуына аянбай еңбек етіп келеді. Президент өз сөзінде сондай тұлғаларға арнайы тоқтала кетті.
«Қазақстанның Еңбек Ерлері Георгий Прокоп, Владимир Розметов, Юрий Пя, Иван Сауэр, Борис Князев, Алина Соловьёва, Вадим Басин, Александр Хмелёв, Геннадий Зенченко және басқа да тұлғаларды азаматтық жауапкершілік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі деп айтуға болады. Олар – бүгінгі заманның адал азаматтары, Қазақстанның дамуына мол үлес қосқан тұлғалар. Ассамблеяны жанашыр әрі белсенді азаматтардың жолын ашатын шынайы саясат мектебі және тиімді әлеуметтік баспалдақ деуге болады.
Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік. Отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елдегі түрлі жағдайларға назар аударып отыратын Мемлекет басшысы, қазіргі күні көпшіліктің назарын аударған кейбір шетін жағдайларды да назардан тыс қалдырмаған екен. Бүгінгі маңызды басқосуда, биік мінбеде тұрып кейбір мәселелерге қарата өз пікірін айтып өтті. Ол ең алдымен тіл мәселесіне қатысты еді.
«Бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады.
Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», – деді Президент.
Кезекті сессия аяқтала салысымен Мемлекет басшысының бұл сөздерін «басқаша тәпсірлеген» азаматтардың төбе көрсеткендігін айта кеткен жөн. Әлеуметтік желі беттерінде «Мемлекет басшысы ешкімді қазақша сөйлеуге мәжбүрлемеу керек дегенді ашық білдірді, бұл қазақ тілінің этносаралық тіл ретінде қалыптасуына кері әсерін тигізбей қоймайды…» дегенге саясатын пікірлер қаптап кетті. Дегенмен Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мырзаның «мемлекеттің қазақ тіліне ешқашан қарсы еместігін» ескерте отырып жазған пікірі біраз адамды сабырға шақырғандай болды…
Президенттің баяндамасында болашаққа бағдар болатындай көптеген түйіндер бар еді. Солардың қатарында ел ішіне іріткі салуға, Қазақстанның тыныштығын бұзуға талпынып отырған кейбір арандатушылық әрекеттерді де сын садағымен түйреп өткендей болды.
«Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады.
Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн.
Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал грант алушы отандастарымыздың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің үйретуімен немесе әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді», – деді Президент. Бұл енді ел ішіндегі кейбір қауесеттерге қарата берілген нақты жауап деп түсіндік.
Сондай қауесеттердің ішінде күрделі геосаяси жағдайларды мысалға келтіре отырып, айналамыздың барлығынан жау іздейтін секемшілдердің түрлі үндеулері мен «мәлімдемелері» де былайғы жұрттың басын қатырып қоятынын мойындаған жөн. Президент мырза бүгінгі алқалы отырыста мұны да назардан тыс қалдырған жоқ.
«Қазақ қашанда көршісін қадірлей білген. Қуанышта да, қиындықта да көршісіне сүйенген, көршінің қасынан табылған. «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген ұғым дінімізде және дәстүрімізде бар. Бұл – бізге атадан қалған өсиет, анадан берілген қасиет. Халқымыздың тату көршілік дәстүрі әлі де жалғасып келеді. Қоныстас адамдар ұлтына, дініне, тіліне қарамастан араласып, құраласып жатады. Қазақстан көрші мемлекеттермен достықты нығайта түсуге айрықша мән береді.
Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді. Алатауды тең жайлаған қырғыздар – бір туған бауырларымыз. Ежелден еншілес өзбек ағайынды өз ағам деп қадір тұтамыз. Түбіміз бір деп түрікмендерді туыс санап, шын жүректен құрметтейміз. Қарт Каспийдің жағасындағы әзербайжан еліне деген ықыласымыз да ерекше. Бір сөзбен айтсақ, көрші елдермен қарым-қатынасымыз бауырластық рухында дамып келеді. Біздің арамызда түйткілді мәселе жоқ. Қазақстан мен Ресей құрлықтағы ең ұзын шекараны әуел бастан дау-дамайсыз шегендеп алды. Жақында Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұзақ жыл бойы шешімін таппаған шекара мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келіп, тарихи келісімге қол қойды деп айтуға болады. Біз бауырлас елдер үшін қуанамыз, оларды әрдайым қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл біздің елдің дипломатиялық тәжірибелері мен берік ұстанымдарын айғақтайтын нақты жауаптар еді.
PS: Ассамблея дегенде әртүрлі пікірлер айтылып жататыны бар. Кезінде «Үй ішінен үй тіккендей қылып, бұл ұйымды айрықша үкілеп ұстаудың не керек бар? Барлық ұлттар заң алдында тең құқықты азаматтар ғой» дейтін көзқарастағы азаматтарымыз да табылған еді. Дегенмен уақыт өте келе мұндай көзқарастардың өзгергендігін байқадық. Сонымен қоса әлемдік саясатта да ұлттық мәселелерді көзір ете отырып, ел ішіне іріткі салғысы келетін мысықтілеу ұйымдарға да біздің ҚХА берік қалқан, нақты жауап болып тұрғандай…
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ