ӘКЕМ АЙТҚАН ӨМІРЛІК 40 ҚАҒИДА

 

1. Мейірімді болыңдар! Құдай мейірімді адамдарды сүйеді.

2. Кісіге қылдай қиянат жасама!

3. Ешкімге, ешқашан зияныңды тигізбе!

4. Қайырлы ас ішкің келсе, бір жапырақ наныңды маңдай теріңмен тап!

5. Перзенті жоқ адамнан ақша сұрама. Ол ақшасын әлдилеп жүр ғой.

6. Ешқашан ,ешнәрсені ысырап етпеңдер!
7. Ағайынмен қарым-қатынасыңды үзбе.

8. Қолыңдағы барыңды жұртпен бөлісіп жүр. Құдай сені аш қалдырмайды.

9. Еңбектің көзін тауып әрекет ете біл!
Артық дүние жинама. Бәрінің сұрауы болады.

10. Жесір мен жетімді ая, ақысын жеме, оларға қайырымдылық жаса.

11 Салған үйің де, алған дүниең де саған қызмет етсін. Дүние жинап, бетіне қарап отырма.

12. Үйіңе қандай қонақ келсе де, жақсы күтіп, шығарып сал. Қонақты ренжітпе. Қай қонақта құт барын Құдай ғана біледі!

13. Садақа бер. Бәле-жаланың бетін қайтаратын да, қателігіңді жуып, шаятын да сол садақа.

14. Қанағаттан артық байлық болмайды. Қанағатшыл бол.

15. Құдайдың құдіретінде шек жоқ. Құдайдың рахымынан құр қалсаң, жаныңа тыныштық таба алмайсың.

16. Сабыр — адамның ұлы қорғаны. Ашуың келсе қорғаныңа арқа сүйе!

17. Ойланып сөйле. Маңызы, түйнегі жоқ сөз кісіні мезі етеді.

18. Қарыз- аманат. Қарыз алсаң ұмытпай жазып қой және тезірек құтылуға тырыс. Адам ажалы қашан келетінін білмейді.Қарыз алсаң тезірек құтылуға тырыс.

19. Дін де, саясат та өткір қылыш сияқты. Абайлап ұстамасаң қолыңды кесесің, жарадар боласың. Дін ұстануда ата-бабаның жолымен жүріңдер.Саясатқа жоламай-ақ қойыңдар.

20. Үй ішінен үй тікпе. Бауырыңмен тату бол!
21. Ешқашан өтірік айтпа. Өтірікпен өрмелеп тауға да шықпайсың, алға да баспайсың.

22. Барлық адамның ақыл дәрежесі бірдей болмайды. Ақылды адам ғана кіммен қалай сөйлесуді біледі.

23. Құран оқылған үйде береке көп болады. Құран оқып, ата-бабаларға жиі дұға бағышта.

24. Бүгінгі ісіңді ертеңге қалдыра берсең, жүгің ауырлайды. Жұмысты уақытында бітірген жөн.

25. Кісінің қателігін жұрттың көзінше бетіне баспай, оңашада айт. Есті адам қателігін тез түсінеді.

26. Араз адамды татуластырсаң сауапты іс жасағаның. Өзара тату болыңдар.

27. Күн шықпай тұр. Таңғы нәсіп тәңірден. Артық ұйқы нәсібіңнен құр қалдырады.

28.Істеген ісің мен сөйлеген сөзіңнің арасында алшақтық болса, көп сенен теріс айналады.
Бір сөзді, ісіңе адал бол!

29. Құдайды жиі есіңе ал! Қиналсаң жәрдем сұра, жетістігіңе шүкір ет. Адамның бергені таусылса да, Құдайдың берері таусылмасын.

30.Жұрттың алдына да түспе, соңында да қалма. Ортасында жүр.Білім іздеңдер.Білімсіз адамға жарық жер де қараңғы.

31. Дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай шіренбе.
Дүниеге кірпіш боп қалануға ұмтыл.

32. Уәдеде тұрмаған адамда иман болмайды. Уәде берсең орында, иманыңды сақта!

33. Кісімсіп, кеуде көтеруден сақтан. Құдай аспандаған пендесін ұнатпайды.

34. Науқастың көңілін сұрауды ұмытпа. Денің сау кезіңде денсаулықтың қадірін біл.

35. Дүниенің байлығын уысыңда ұстап тұра алмайсың. Иман байлығын жинай біл!

36. Ұйқымен көп уақытыңды бос өткізбе. Мәңгілік ұйқыға кететін күн де келеді…

37. Көршіңмен көрісіп, жағдайын сұрап тұр.
Өзің тоқ болып, көршің аш отырмасын.

38. Бастаған ісіңді орта жолдан тастама.

39. Кешірімді бол.Сен ешкімді кешірмесең, Құдай сені қайтіп кешіреді?!

40. Дүниенің түбі тым келте.
Жақсының қадірін біл!

«МЕНІҢ ӘКЕМ — ЕҢ ЖАҚСЫ АДАМ»
кітабымнан үзінді.

Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ