Әке өнерінен ғибрат алған суретші қыз
Гүлфейруз Насырқызы Рустамова – заманауи қазақ бейнелеу өнерінің жарқын өкілі, өзінің ерекше қолтаңбасымен көрерменді тәнті етіп келе жатқан суретші. Оның шығармашылық жолы отбасынан бастау алады.
Оның әкесі Насыр Рустамов – белгілі мүсінші, бұрынғы Шымкент облысы Қазығұрт ауданының тумасы, қазақтың үш биі мен батырларының, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шәмші Қалдаяқов, Дінмұхамед Қонаев, Батырхан Шүкенов сынды 70-ке жуық танымал тұлғалардың мүсінін жасаған ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты! Қызына өнерге деген махаббатты, еңбекқорлықты және өз ойын еркін жеткізе білу қасиетін сіңірген жан. Кәсіби көрмелерінің бір бұрышында міндетті түрде кішкентай қызының шимай суреттері ілініп, елдің ықыласы бүлдіршіннің қиялына қанат бітіретін. Мүмкін есімін де қазақтың алғашқы кәсіби суретші қызы Гүлфайрус Исмаиловаға ұқсасын деп ырымдап та қойған болар!
Гүлфейруз бойжеткен соң сәулет Академиясына түсті, оны үздік бітірсе де қолынан түспейтін қылқалам оны өз иіріміне тарта берді. Өйткені әке шығармашылығы, рухани мұрасы оның дүниетанымына терең әсер етіп, еркіндікке, шексіз әлемге жетелеген. Иә, өмірдегі ең жақыны әрі өнердегі ұстазы – әке табиғатынан ғибрат алып өскен Гүлфейруз алайда мүсіншілікті емес, өте күрделі графикалық сурет бағытын таңдап, өз сүрлеуін салды. Оның өнері ішкі жан дүниесінің шынайы көрінісі десек, артық айтқанымыз емес. Кенепке түскен әрбір сызық, әрбір бояу – суретшінің сезімі мен ойының шежіресі, үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Мәселен, ол бір ғана «Кешкі қала» картинасы үшін үш айын сарп етті.
Гүлфейруздың туындылары – дәстүрлі қазақ нақыштарын қазіргі заманмен үндестіре білетін, бейнелеусіз (абстрактылы) стильде салынған бірегей шығармалар. Оның жұмыстары қазақтың бай ою-өрнек мәдениетін жаңа көзқараспен қайта жандандырып, ұлттық рух пен заманауи форманы шебер үйлестіреді. Ол көркем өнерді нақты образбен шектемейді, керісінше, көрерменді ойландыратын, әркім өзінше түсіне алатын кеңістіктер мен символдарды ұсынады.
Әлі есінде, 2022 жылдың 23 сәуірінде Алматы-Көрме залында «Шымкент – күн қала» атты көрме Гүлфейрузды кәсіби суретші ретінде елге танымал етті. Ол көрмеге жалғыз шыққан жоқ, ҚР Суретшілер одағының мүшелері, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында тұратын әйгілі қылқалам шеберлері, мүсіншілер: Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, «Құрмет» орденінің иегерлері Насыр Рустамов пен Мұрат Мансуров, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Иляев, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Абдуахат Мұратбаев пен Мұхтар Бекеновтермен бірге Гүлфейруз «TAMYR» шығармашылық бірлестігінің жас толқын мүшесі ретінде өз жұмыстарын ел назарына ұсынды. Ал қыркүйек айында «Арба» атты халықаралық көрмесін сүйген жары – пианист Айдос Байбосынмен бірге өткізгені көрмеге келгендердің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Себебі сырсандықтан құйылған әсем саз ырғағымен түпсіз терең ойға жетелейтін өнер туындыларын тамашалау әрбір көрерменді ерекше әсерге бөлегенін сөзбен айтып жеткізу қиын.
Суретші жақында өзінің шығармашылығын жаңа бағытта дамытып, текстиль өнеріне бет бұрды. Өзінің картиналары негізінде авторлық орамалдар жасап шығара бастады. Әр орамал – өнер туындысының киілетін формасы, адам мен мәдениеттің арасындағы нәзік байланыс.
Қазіргі таңда Гүлфейруз жаңа көрмелер мен жобаларға дайындалуда. Оның өмірінде жаңа кезең басталды – ол ана атанды. Айдос екеуі Алан есімді балапанды өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Бұл өмірлік өзгеріс жас жұбайларға жаңа шабыт, тереңдік пен тыныс берді. Алда – жаңа көрмелер, жаңа жобалар мен шығармашылық жаңалықтар.
Гүлжанат ШОНАБАЙ