ӘКЕ МЕН ҰЛ (немесе заманауи ұрпақтар үндестігі)
— Әке, біздің үйді кім салған? — деп,
бастауышты бүгін бітіріп жатқан бала телефон шұқылап, өзінен-өзі күліп, мәз болып жатқан әкесіне сұрақты төтесінен қойды.
— Не?! Қай жері ұнамай қалды? «Қалпақтар» салған. Не болды? Бір жері қисайып кетіп пе? — деп, бұрқ етіп жауап берді әке.
— Жоқ әке. Әдемі жақсы салынған. Соны көріп сұрағаным ғой, айып етпеңізші!
— Әй сүтіңді сенің!.. Бүгін көріп жүрсің бе соны? Он бес жылдан асты ғой бұл үйді салғанымызға да. Ең үлкен әпкең ол кезде мектепте бастауышта оқитын еді, — деп телефоннан бас көтермей әлі жатыр.
—Мм, ана әдемі жеміс ағаштарды кім екті? Гараж бен қораны кім салды сонда?— деп ұл да тақылдауын қоймады.
— Әй, сүтіңді сенің!.. «Кім- кім» деп қоймадың ғой. Сол «қалпақтар» салған осы ауладағының бәрін.
Қырғын ақшаға соларға жасаттым ғой. Баршы әрі. Кетші мазамды алмай, кино көрсетпедің ғой! — деп, әкесі енді ашуланып, басын көпшіктен көтерді.
Ұл, орнынан атып тұрып кейін шегінсе де, шығып кеткен жоқ.
— «Қалпақтар» барлық жасаған нәрсесін мұқият, әдемі жасайды екен, я, әке? Шебер екен ғой! — деп, әкесіне үркектей қарап тұр.
— Ақшасын берсең, не жасамайды олар?
Сосын мен қырғын ақша беріп тұрып, жаман үй жасатам ба? Күн сайын күнге күйіп, қастарында қадағалап жүрдім емес пе? — деген сөзді «Міне, мен қандаймын?!» деген кейіпте мақтанышпен айтты.
— Ммм, ия әке. Біздің апай айтады:» Әкенің үш парызы: үй салу, ағаш отырғызу, ұл тәрбиелеу деген» деп. Мені де сыныптағылар» красавчик» дейді, содан қорқам. Мені де әдемі қылып «қалпақтар» жасап кетпеді ме деп» дегенде, әкенің шыдамы таусылды, атып тұрып
— Әй, мына шешеңді ұрайын не деп оттап тұр?! Кім, саған не айтып жүр?! Бері кел, көзіңнің отын ұшырайын!.. — дегенше, ұл да есіктен шығып үлгерді.
Қолын алжапқышына сүртіп, ұлдың мамасы келді.
— Не болды сендерге? Әкелі-балалы болып не бөлісе алмай қалдыңдар? Ашуланбай айт енді, — деп, жартылай таңданыс пен жартылай үрей бар көзін жан-жағына тастай сұрады.
— Әй, ана сволыш қой: «Мені де қалпақтар жасаған жоқ па?» деп, адамның қанын ішіп, нервке тиіп, жынымды келтірген. Кім оған ондай әңгіме үйретіп жүрген? Көрсетейін мен оған қалпақтан туғанды! Бұл үйдің есігін қалпақ ашпағалы қай заман, — деп бұрқ-сарқ етіп аптығын зорға басты.
Осы сәтте есіктен басын қылтитқан ұл:
— Әке, кешіріңізші. Тек өзіңіз ғой, «Сенің бастауышпен қоштасуыңа өзім барам» деп алдап кеткен. Мамам келіп тұр. «Әкеңнің қолы тимей қалды» деп. Келсем, күндегідей соткі шұқылап жатыр екенсіз, — деп бәсең үнмен қипақтап жауап берді.
Осы сәтті ұстап қалған мамасы:
— Балам, сен түсін, әкең осы үй-жайды салдыру үшін көп қылып ақша тапты, ақша болмаса, бұл үй салынбас та еді ғой.
Ақша табу — азаматтың ісі. Әкеңе олай сөйлеме! — деуі мұң екен. Ұл да қарап қалмады:
—Нағашы атам айтады: «Ақшаны екінің бірі табады, ал жақсы ұлды, жақсы әке тәрбиелейді» деп. Менің әкем ақша табады, бірақ мені тәрбиелемейді. Сонда ол қандай әке? — дегенде, бөлме ішін мүлгіген тыныштық басты.
Міне, ағайын, қазіргі балалар жетіскен, оның үстіне өзіміз оларға керемет даналықтарды үйретіп қоямыз. Солардың нағашыларын тістеп сөйлесе, сөзден жеңілсе, боқтаса, жиендерге ұтымды жауап берсе, тарқылдап мәз болысамыз. Құрдастарымыздың арасында боғауыз үйретеміз. Ал таяқтың екі ұшы барын әрқашан естен шығарамыз.
Ұл тәрбиесіне араласпаған әкенің қартайғанда барар жері — «Қарттар үйі».
Тек бұл жерге Абайдың әжесін қыстыру артық. Ол кісілер оқып, білім алмаса да, сауатты, психолог, ұстаз- тәрбиеші болған.
«Бар, ар жағыңда әкең тұр. Әуелі соған амандас» деуі — асқан көрегендіктің ісі.
Сондықтан, ағайындар, ертеңіңнен үмітің болса — бүгін ұлыңды тәрбиеле!
Бастауышпен қоштасу деген салтанатты жиында ер азаматтардың қатары аз екенін көргендегі туған ой.
М. Кенжебаев.