Бүгін Жаңаарық ауылдық округіне қарасты Ақтоғай ауылындағы клуб үйінде 7 Мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесі аталып өтті. Шарада ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Шады Салықбаев құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.
Ауылдың алты ауызы айтылған концерттік бағдарламада Ұ.Сыздықбайұлы ауылы мен Ақтоғай ауылының өнерпаз ардагерлерінен құрылған «Шабыт» тобы өнер көрсетіп, хордың орындауында «Катюша» және «Бейбітшілік сақталады» әндері орындаса, ауыл әншісі Саспақов Әбзелбек «Тәуелсіз Қазақстан» әнін әуелете шырқады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Ақділда Диханбай «Кестелі орамал» әнін шырқағанда тебіренбеген көрермен болмады. Ауыл ардагерлері Мейраш Қаракесекова «Қазақ қызы», Дүйсен Сапарбаев «Ана туралы баллада» , Өтешова Айжан «Соғыстан қайтқан солдаттар » әндерін шырқап көпшіліктің ықыласына бөленді. Ардагерлермен бірге Ақтоғай орта мектебінің оқушылары бірлесе өнер көрсетті.
Шарада ауыл өнерпазы Арман Алдашов және мектеп оқушылары Ақділда Диханбадың «Ақтоғай әнім» атты авторлық әнін жанды дауыста орындап берді. Әнмен әрленіп, бимен көмкерілген шара тұрғындарға керемет көңіл күй сыйлады.