Абай облысында балаларға арналған жаңа ойын алаңдары ашылды
Абай облысында балаларға арналған жаңа ойын алаңдары ашылды
Абай облысының Көкпекті ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді.
Биыл аудан бойынша жалпы 15 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған. Бұл нысандар тек ірі елді мекендерде емес, шағын ауылдарда да бой көтереді.
2024 жылы аудан әкімі Әділет Қожанбаев ауылдарды аралау барысында тұрғындар тарапынан балаларға арналған ойын және спорт алаңдарының жетіспеушілігі туралы көтерілген ұсыныстарға ерекше назар аударған болатын. Нәтижесінде аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін алаңдарды салу жұмыстары басталды.
Мерекелік күнге орай алғашқы үш нысан – Теректі, Үлкенбөкен және Үкіліқыз ауылдарында салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасарлары Аслан Балабекұлы мен Мақсат Сайлауғазыұлы қатысып, ауыл тұрғындары мен балаларды құттықтады.
– «Бұл бастама – өскелең ұрпақтың дені сау, белсенді әрі бақытты болып өсуіне бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта да балалар мен жасөспірімдерге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыра береміз», – деді аудан әкімінің орынбасары Аслан Балабекұлы.
Алаңдардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Мұндай жобалар алдағы уақытта да балалар үшін қолайлы ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саруар Қабдолла