Ғасыр тойдың алдындағы ардагерлердің ақ батасы
Мұндай игі істен «AULIEATA – MEDIA» ЖШС-іне қарасты бір ғасырлық тарихы бар «Aq jol» газеті де шет қалған жоқ. Газет ұжымы Тараз қаласындағы «Тандыр» мейрамханасында Рамазан айының құрметіне ауыз бекіткен әріптестерге арнап ауызашар дастарқанын жайды. «AULIEATA – MEDIA» ЖШС-ның Бас директоры Нұрбек Бекеннің қолдауымен, газеттің Бас редакторы Оралхан Дәуіттің бас болып ұйымдастыруымен өткен ауызашарға газет ардагерлері, облыс әкімдігінің өкілдері, республикалық газет, телеарна тілшілері, газетіміздің бірқатар белсенді авторлары, «AULIEATA – MEDIA» ЖШС-ында еңбек ететін әріптестер көптеп жиналды.
Ақ дастарқан басында газетіміздің ардагері, Қажы Сейсен Қожеке ағамыз әруақтарға, оның ішінде «Ақ жолда» еңбек етіп өмірден озған жандарға құран бағыштады. Газетімізге ұзақ жыл еңбегі сіңген ақсақалымыз, облыстың Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан ақ батасын берді. Ауызашар соңында «Aq jol» газетінде бірнеше жыл тер төккен журналист Болат Жаппарұлы ағамыз оқыған құранға қол жайдық. Ауызашар дастарқанында аға толқын мен бүгінгі буын тағы бір жүздесіп, әңгімелесіп, пікірлесіп мәре-сәре болып тарқасты.