БҚО-да мектеп кітапханасында коворкинг орталығы жұмыс жасауда

 

Батыс Қазақстандағы Тасқала ауданының «Сәулет» мектеп-лицейінің кітапханасы заманауи құрылғылармен жабдықталып, ондағы коворкинг орталығы оқушылардың зияткерлік демалыс орнына айналып үлгерген.

Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, кітапханада «Ойын», «Білім», «Ғаламтор», «Өлкетану» және «Кітап оқу» алаңдары жасақталған.

Ойын алаңы қажетті құралдармен жабдықталса, білім бөлімінен оқушылар керекті ақпараттарды таба алады. Кітапхана қоры ғылыми-танымдық әдебиеттермен, анықтамалықтармен, қазақ және әлем әдебиетінің көркем шығармаларымен толықтырылған. Ал білім бөлімінен балалар ой-өрісін, қызығушылығын дамытуға арналған әдебиеттерді таба алады. Ғаламтор бөлімі компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор желісіне қосылған. Бұл алаңда әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісті кеңейтуге, ғылыми жобаларға, олимпиада, жарыстарға қажетті қосымша ақпаратты қолдануға толық мүмкіндік жасалған. Wi-Fi аймағы ұйымдастырылып, вебинарлар өткізіліп тұрады, электронды деректер қоры құрылуда.

 

 

Еуропалық кітап оқу тәжірибесінен алынған кітап оқу алаңында балалар жұмсақ дивандарға отырып оқиды, демалады, оқыған кітаптары бойынша өз ойларымен бөліседі, талдайды.

Сондай-ақ «TASQALA» өлкетану алаңы «Әдеби Ақжайыққа» арналып, жергілікті қаламгерлердің өмір жолы мен асыл мұраларын оқырман қауымға таныстыру мақсатында жабдықталған.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы