Табиғи газдың алауы тұтанды

Ел аузында батырлар мекені аталып кеткен Жуалы ауданынның Қоңыртөбе ауылына көгілдір отын жеткізілді,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

Жуалы ауданында газ тартылмаған елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шамамен 10 жылдан бері тұрақты көтеріліп келеді. Ауданда барлығы 49 елдімекен болса, оның газдандырылғаны 30 елдімекен.

2017 жылдан бастап аудандағы газ жеткізілмеген Жетітөбе, Күреңбел, Боралдай, Қошқарата ауылдық округіне қарасты ауылдарға газ жеткізу мәселесі республика деңгейінде қолға алынды. Соның нәтижесінде, елдімекендерді газбен жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттар жасалып, өткен жылдан бері магистральдық газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді.

 

 

Биыл Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтеріне қарасты барлығы сегіз ауылда ауылішілік газ жүйесі жүргізіліп, табиғи газға қосылуға мүмкіндік жасалып отыр. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қоңыртөбе ауылында табиғи газдың келуіне байланысты салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы барып қатысып, Қоңыртөбе жұртшылығын Тәуелсіздік күнімен және ауылда табиғи газ алауының тұтануымен құттықтады. Сәтін салса, аталған ауыл тұрғындары жақын күндері газға қол жеткізетін болады. Ауылға магистральды газ құбырынан жоғары қысымды газ жеткізіліп отыр.

-Қыстың көзі қырауда ауылымызға көгілдір отын келгеніне ерекше қуаныштымыз. Осыған дейін отын жарып, көмір жағып күнелтіп келген ауыл халқы енді газдың игілігін көретін болады. Шаңырағымыздың жылуы артып, түтіннен тазарып қалғаны көңіліге жылулық силайды. Тұғыры биік тәуелсіздігіміздің арқасында қазақ халқы көрер игіліктер көп бола бергей,-деді ауыл тұрғына Ұлжан Аманова.

 

 

«ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің Жамбыл өндірістік филиалы Жуалы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшылығы ауыл тұрғындарының газ жағуға рұқсаттама құжаттары толықтай алынған жағдайда газға қосылу мүмкіншілігі де жеделдей түсетінін айтып, газға қатысты құжаттарды тезірек рәсімдеуге шақырды. Газ алауының тұтануына байланысты ауыл тұрғындарының атынан зейнеткер Тұрар Байтуков сөйлеп, газды жеткізуге жауапты мердігер мекеменің басшылығына, аудан басшыларына алғыс білдірді.