Мұраларда тұнған мұң

Тобыл мен Сырдың, Алтай мен Атырау арасын,
Аралап көрші, сен талай мұра табасың.
Ұлылықтарды ұғынар едің сөйлетсең,
Көшпенді ердің көзіндей болған тағасын.

Шашылмай ырыс, төгілмей жеткен бар құты,
Қазақтың жері қағанаттардың сарқыты.
Түбірі түркі жұрты үшін бұл жер талбесік,
Тарихқа егер бойлайтын болсаң арғы тым.

Мұраларда анау, ұлылығымен қатар ғұндардың,
Ұялап жатыр төгілген жас пен тұнған мұң.
Наркескендердің сынығынан қаны тамы тұр,
Жосықсыз келіп жортуыл салған жоңғардың.

Бүгінге сыр боп бүк түсіп жатқан обалар,
Теңгелер әне, шын шебер ғана соға алар.
Ұлтым-ау талай зарын тартыпсың заманның,
Бетінен жердің жойылып, семіп, жоғалар…

Шашырап мүлдем, бөлшектенуге шақ қалып.
Ақтаңдақтарың көп, мұраңды көрсем ақтарып.
Ащы зарың мен ауыр мұңыңды бөлісем,
Дәулеті тасқан дәуірлеріңе де мақтанып.

Зауал заманда кетпеуіміз үшін күреліп,
Күресті баба, еркіндік біз де тіледік.
Тәуелсіздікті сезіну үшін жан-тәнмен,
Мұраларға қарап тәубе етіп іштей жүрелік.

2008 жыл