Ауыл ауқатты болмайынша, қалалар ақылды бола алмайды
Астанада еліміздің агроөнеркәсіп мәселелеріне арналған республикалық «Astana Agro Forum-2018» кеңейтілген жиыны мен «KazAgro/KazFarm-2018» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі өтті.
14 мың шаршы метрлік «Көрме» алаңында Қазақстан, Беларусь, Бразилия, Венгрия, Германия, Иордания, Испания, Италия, Қытай, Монголия, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция мен Оңтүстік Корея сынды 300-ге жуық компанияның ауылшаруашылық өнімдері мен жаңа үлгідегі техника және заманауи технологияның соңғы жетістіктері топтастырылған екен.
Астаналық «алып» форум «ана тілімізге» өгей болғанымен, «Алтын бесік — ауылға» аңсары ауып-ақ тұр. Бүгінде шаңырағы шайқалып, іргесі сөгіле бастаған ауылдардың инфрақұрылымын заман талабына сай дамыту және еліміздің агроөнеркәсіп кешенін экоспортқа бейімдеу мақсатын жүзеге асыру жөнінде келелі кеңес болды. Алайда аграрлық ғылым мен бизнес бірікпейінше, ауыл ауқатты бола салмайтыны белгілі.

Форумның мақсаты қандай?
Аталмыш форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылық өнеркәсібі кешеніндегі еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2022 жылға қарай кемінде 2 жарым есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мен аталған сала бойынша серпінді бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Үш күнге созылған шара барысында аграрлық сала мамандары бас қосып, АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жан-жақты талқылады. Халықаралық сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен өнім өндіруші компаниялар және билік өкілдері «АӨК ұзақ мерзімді бағдарламалары: мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының салалық бағдар-ламалары», «Тұқым шаруашылығының дамуы», «Жерді ұтымды пайдалану», «Аграрлық ғылымның кәсіппен бірігуі» тақырыптарын панелдік сессияларда өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Кеңес барысында Ауыл шаруашылығы ми¬нистрлігі мен «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ортақ меморандум бекітті.
Республикалық кеңесте ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі астық жинау науқанының табысты аяқталуына орай ауылшаруашылық саласының еңбеккерлеріне жолдаған құттықтауын оқып берді. Елбасы өз құттықтауында ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі реформалардың арқа-сында стратегиялық маңызы зор саланың əлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы едәуір артқанына тоқтала келе: «Құрметті ауыл еңбеккерлері! Дамыған аграрлық секторы бар ел ретінде Қазақстан үшін егін жинау науқаны қашан да маңызды іс. Қолайсыз ауа райы жағдайында жиналған биылғы түсім сіздердің аянбай төккен терлеріңіздің және кәсіби шеберліктеріңіздің нәтижесі. 22 млн. тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды, бұл ішкі қажеттілікті толықтай қамтумен қатар, шетел нарықтарына үлкен көлемде экспорттауға да мүмкіндік береді. Осындай жоғары көрсеткіштер еліміздің әлемдегі ірі астық өнімдерін шығарушы ретіндегі мәртебесін кезекті рет дәлелдеп отыр. Мемлекет алдағы уақытта да агроөнеркəсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіп, заманауи технологияны тартуға, еңбек өнімділігін молайтуға, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жағдай жасайтын болады. Еліміздің барлық еңбеккерлерін 2018 жылғы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Қазақстан халқы сіздердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экономиканың өсуіне жəне еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды», — деп атап көрсеткен.
Инвестиция экспортқа жол ашпақ
Форум алаңында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені инвестициялар үшін аса тартымды болып отырғанын атап өтті.
— Инвесторларға ҚР-ның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға инвестиция салған өте тиімді, себебі әлемдегі ірі нарықтарының бірі — Қытайды қоса алғанда, ірі сауда нарықтарына жол ашылады. Өз кезегінде, Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау арқылы АӨК-ті қарқынды түрде дамытып жатыр. Өткен жылы Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ауыл шаруашылығы экономика драйвері екенін нақты белгілеп көрсеткен еді. Биыл Президент АӨК үшін жыл сайын қосымша 100 млрд. теңге қарастыруды, Ұлттық банк тарапынан 200 млрд. теңгені ауыл шаруашылығы саласына бағыттауды тапсырды. Қолда бар қаражаттарға қосымша 300 млрд. тг қосылды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банк несиелер түрінде $500 млн. инвестиция салуға әзір, — деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерімен ұжымдық кездесу өткізді. Кездесуге мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, салалық қауымдастықтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші өкілдер қатысты. Кездесу соңында Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары шетелдік компаниялармен инвестициялық жобаларды табысты іске асыруға негіз болатын жол карталарына қол қойды. Осы орайда қазіргі күні еліміздің ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар ағымы 14%-ға ұлғайғанын атап айтқан жөн.
Жиында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев осы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан шет мемлекеттерге экс-портталған ет көлемі 15 мың тоннаға жеткендігін хабарлады.
— Ет бағдарламасына сәйкес мақсатымыз — зәкірлік кооперациялар жүйесін және шамамен 100 мың шағын отбасылық ферма құру. Кооперация құрамында мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттары жұмыс істейтін болады. Ал сүт саласындағы мақсатымыз — алдағы бес жылда 1 млн. тонна сүт өндіру. Мұнда да негізгі тетік ірі сүт-тауарлық компаниялармен жұмыс істейтін отбасылық сүт фермалары болмақ, — деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша қазіргі уақытта бұл бағдарламалар жеміс беріп жатыр. Мәселен, 2017 жылы еліміз 5,5 мың тонна ірі қара мал етін экспортқа шығарса, осы жылдың 9 айында ғана экспортқа жөнелтілген ет көлемі 11 мың тоннадан асып жығылды.
— Біз жыл соңына дейін 15 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарамыз деп толық сеніммен айта аламыз, — деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, Қазақстаннның алдағы бес жылда құс етін өндірудегі әлеуеті артып, көлемін 5 есе ұлғайту жоспарланып отыр.
— Оған толық мүмкіндік те бар. Мә¬се¬лен, таяуда Макинскіде біздің өлшеммен өте үлкен саналатын, жылына 50 мың тонна құс етін өндіретін фабриканы аштық, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
6 айда 44 мың адам ауылдан көшкен
Бүгінде еліміз үшін өзекті болып отырған проблеманың бірі — халықтың ауылдарды тастап, қалаға көптеп көшуі екені белгілі. Ресми статистика бойынша 2017 жылы 49 790 адам қалаға қоныс аударса, биылғы алғашқы 6 айда 44 мың адам ауылдан көшіп кеткен. Осы орайда Елбасы Жолдауындағы «Ауыл — ел бесігі» тапсырмасына сәйкес, ауылдың өмір сүру сапасын арттыру бойынша «Рухани жаңғыру» аясында 100 жаңа фермер жобасын жүзеге асыру қолға алынбақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов: «Біз кепкісі шаң, қолы май-май емес, бірнеше тілді жетік білетін, жоғары білім алған, соған қарамастан ауылдық жерде еңбек етіп, табыс табатын жастардың әлеуетін қалыптастыруымыз керек», — деді.
Ал, «Жерді ұтымды пайдалану» тақыры-бындағы панелдік сессия барысында қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан: «Жер мәселесін шешпей, ауыл шаруашылығы дұрыс дами алмайды деп есептеймін. Халықтың басты талап-тілегі — “жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін”. Біз мұны заңды түрде шешуге міндеттіміз. Жер кодексінің жекелеген баптарына қатысты 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарияланған мораторий мерзімі аяқталуын күтпей жер мәселесін толығымен шешіп, жаңа заң қабылдау қажет», — деп ауылшаруашылығы жерлеріне бірыңғай аграрлық салық енгізу және ҚР азаматтары үшін ғана жерді жалға беру жөнінде арнайы институт құру, жерді жерсерік арқылы бақылауды заңдастыру туралы ұсыныстарын жеткізді. Ол сондай-ақ, Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратура өкілдерінің назарын Елбасы айтқан, арамшөп басып, айналасындағы алқаптарға кесірін тигізіп отырған, банкте кепілде тұрған бос жерлер мәселесіне аударды.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

