Павлодар облысында жеке меншік сектордағы жалақыларды өсіруге кірісті
Өңір басшылығы жалақыны тек қана ірі кәсіпорындарда емес, нарық қызметкерлері мен кішігірім дүкендерде де арттыруды көздеп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтардың еңбек ақысының көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасы бойынша жүргізілетін жұмыс облыстық әкімдікте өткен жиында талқыланды. Өңірдегі барлық ірі кәсіпорындар Президенттің бастамасын қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысы қазіргі кездің өзінде 80 мың теңгеден кем еместігіне қарамастан, оны ары қарай өсіруге дайын екендіктерін жеткізді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек ақысы да өседі деп күтілуде.
— 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбек ақысы 58 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін артатын болады, — деді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев. – Сонымен бірге, білім беру, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлерінің де еңбек ақысы өсіріледі.
Аймақ басшысы Болат Бақауов жеке меншік секторында жұмыс істейтін азаматтарды назардан тыс қалдырмауды талап етті. Оның айтуынша, кішігірім дүкендердің сатушыларының да жалақысын көтеру қажет.
— Қазіргі кезде базарлар, шаштараздарда, кішкентай дүкендерде жұмыс істейтін күзетшілер, тазалаушылар, басқа да техникалық қызметшілердің қандай жалақы алатынын анықтау қажет, — деді облыс әкімі. – Жеке меншік сектордағы барлық кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек ақысын арттыру қажет. Менің тапсырмам бойынша, әр орынбасарым, әрбір қала мен аудандардың әкімдері осы мәселені өздері басқаратын сала, бағынышты мекемелер, шағын және орта бизнес субъектілері бойынша қарастыруы керек болатын.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне де алаңдаушылық танытты. Еңбек ақы көтерілген кезде нарықтағы бағаның бірге көтерілуне жол бермеу керек.
— Облыстық кәсіпкерлер палатасы қазірдің өзінде кәсіпкерлермен, ірі және шағын сауда нүктелерінің басшыларымен түсіндірме жұмыстарын жүргізулері қажет, — деді ол. – Өңірдегі еңбек ақы көтерілгеннен кейін тауарлардың бағасы да бірге өспеуі керек.
Болат Бақауов қалалар мен аудандардың әкімдеріне әлеуметтік маңызды тауарлардың және көмірдің бағасын бақылауға алуды тапсырды. Бұл жұмысқа «Нұр Отан» партиясының филиалдары да қосылып, бағаны реттеу бойынша мониторингтік топтар құрады.
Әлихан Рахметоллаұлы