Павлодар облысының әкімі ауыл әкімдеріне жаңа автокөліктердің кілттерін тапсырды

Павлодар облысының 32 ауылдық аймағына қызметтік автокөліктер берілді. Аймақ басшысы Болат Бақауов көлік кілттерін ауыл әкімдеріне табыс етті.

Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған автокөліктерді табыс ету салтанаты Естай атындағы мәдениет сарайының жанында өтті. Қызметтік көліктерге осы жылы бюджеттің төртінші деңгейіне өткен ауыл әкімдері ие болды. «Лада Гранта» және «Нива» маркаларының 20 көлігін Павлодар облысының әкімі ауылдық аймақтар әкімдерінің қолдарына табыс етсе, қалған 12 автокөлік ауыл әкімдіктерінің пайдалануына берілді.

Көлікке ие болғандардың қатарында Качир ауданындағы Тереңкөл ауылының әкімі Данияр Айтышев те болды. Жас басшы әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімшілігіне көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

– Бүгінгі күні ауылдық аймақтарда адамдар жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған, – деді ол. – Жолдар салынып жатыр, шағын және орта бизнес даму үстінде, төмен пайыздармен несие беріледі. Ауылдық аймақтар әкімдерінің атынан жерлестерімізге жақсы қызмет ету үшін қолымыздан келетіннің бәрін орындаймыз деп айтқым келеді.

Әлихан Рахметоллаұлы