«Павлодар» АЭА Ирландияның халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп жұмыс істей бастады
«Павлодар» еркін экономикалық аймағының басқарушы компаниясы мен ірі International development Irleland компаниясы өзара серіктестік пен түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды.
International development Irleland өкілдерінің «Павлодар» ЕЭА-ға сапар жасау туралы келіссөздер өткен жылдың көктемінде басталды. Нәтижесінде IDI компаниясының коммерциялық директоры Грег Хоган Павлодарға жұмыс сапарымен келіп, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Жайық Шарабасовпен кездесті. Ирландиядан келген қонаққа ЕЭА-ның болашақ дамуына байланысты жоспар таныстырылды.
– IDI – алға қойған міндеттердің жүз пайыздық орындалуына кепілдік беретін әлемдік компаниялардың бірі,- деді «Павлодар» ЕЭА бастығы Айбек Тұрсынғалиев. – Қазір біз серктестігіміздің алғашқы кезеңінен өтіп жатырмыз. Егер жасалып жатқан жұмыстардың барлығы келісімшартқа қол қоюмен аяқталса біз бірлесіп жұмыс істеуді бастаймыз да, IDI Павлодар облысына ірі ұлтаралық компаниялардың тартылуының кепіліне айналады.
Бүгінгі күні еркін экономикалық аймақ басшылығы IDI компаниясының кәсіптік-салалық құрамы өкілдерінің тағы бір сапарын күтіп отыр.
International development Irleland – жобаларды басқару мен жүзеге асыру бойынша қызметтерді ұсынатын компания. Компанияны 1989 жылы Ирландияның экономикалық, индустриалдық, қаржылық және экономиканың басқа да секторларындағы жаңалықтарын тарату мақсатында Ирландия Үкіметі құрды. 1995 жылдан бастап компания жеке кәсіпкердің қолына берілді. IDI әлімнің 80 мемлекетінде 260-тан астам жобаны жүзеге асырды, соның ішінде инвестицияларды тарту, экспорт пен инновацияларды дамыту және үкіметтік институттарды нығайту.
Әлихан Рахметоллаұлы

