Бүгін Ұлттық музейде «Музейдегі түн» акциясы өтеді
Бүгін сағат 18:00-23:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық музей күніне орай «Музейдегі түн» акциясы өтеді.
Шара барысында танымдық бағыттағы тақырыптық экскурсиялар, «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес» сынды спорттық ойындар ұйымдастырылып, бие байлау науқаны басталарда жасалатын «Қымызмұрындық» рәсімінен көріністер көрсетіледі. Музей атриумында зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар сатылымға қойылатын жәрмеңке ұйымдастырылады. Фотосуретке түсуге арналған арнайы зал да жасақталады.
«Музейдегі түн» акциясы аясында Төрегелді Шарманов басқаратын Қазақ тағамтану акдемиясы әзірлеген бие сүтінен дайындалған шоколадтың таныстырылымы өтеді.
Акция барысында келушілердің назарына өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама ұсынылады.Концертте Майра Ілиясова, Жаңабай Өтеген, Индира Расылхан, Гүлнұр Оразымбетова, Мұхаметәли Жүгінісов, Ринат Малцаков, Шахаризат Сейдахмет қатарлы эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді
1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында 18 мамыр – Халықаралық музей күні болып бекітілген.Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.
Ұлттық музей ашылғалы бері «Музейдегі түн» акциясы 3 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. Жыл басында наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Наурыз – жаңғыру нышаны» атты акцияғада астаналықтар мен қала қонақтары тарапынан қызығушылық мол болды.