Бейітке барғанда қандай дұға жасаған жөн?
Айша (р.а.) анамыз жеткізеді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) менің үйімде болғанда, түннің соңғы бөлігінде Бақиғ зиратына барып: «Ассаламу алейкум! Уа, мұсылмандар мекені. Ертеңгі күні сендерге уәде етілген нәрсе келеді, сендер оны күтудесіңдер. Біз де, Алла қаласа, сендердің соңдарыңнан барамыз. Уа, Алла Бақиғ Ғарқадтағы (зияраттағы) жандардың күнәсін кеш»,–деуші еді[2]».
Зиратқа барғанда марқұмдарға «Әссаламу алейкум! Әһләд дияр минал муминина уал муслимин. Уә иннә ин шәа Аллаһу ләләхиқун. Әсәлу Аллаһа ләнә уә ләкумул ъафиа[3]», – деп дұға етуге болады.
Мағынасы: «Уа, мүміндер мен мұсылмандар мекені, сендерге Алланың сәлемі болғай. Аллап қаласа, сендергің арттарыңнан біз де барамыз. Өзімізге және сендерге Алладан амандық сұраймын».
Бірде Айша (р.а.) анамыз Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Марқұмдарға не айтамын? –деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.) «Мүміндер мен мұсылмандар мекені сендерге Алланың сәлемі болсын. Алла Тағала әуел өткен және кейін келетін (марқұмдарды) рақым етсін. Алла қаласа, біз де сендерге барып қосыламыз» деп айт»,– деген екен[4].
Жоғарыда келтірілген хадистерден аңғарғанымыздай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұғасында марқұмдарға үн қатып, оларға жақсылық тілеген. Демек, мұсылман баласы зиратқа барып, өзінен алдын өткен діндес бауырларына дұға жасағаны абзал.
[1] Муслим
[2] Муслим
[3] Муслим
[4] Муслим
Руслан Қамбаров