Ауқымды жоба жүзеге асуда

Аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп, өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалар қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі – «Гәкку құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге  асырып жатқан ауқымды жоба.
Қарақыстақ тау бөктерінде бой көтеріп жатқан заманауи асыл тұқымды құс репродукторының құрылысы кезең-кезеңімен қарқынды түрде жүргізілуде. Жылына 10 миллион дана инкубациялық жұмыртқа өндіруге қауқарлы кешен еліміздің құс шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қоспақ.
Жуырда аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған жұмыс тобы аталмыш құрылыс алаңына арнайы барып, инвестициялық жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Мұнда атқарылған жұмыстар сараланып, құрылыс қарқыны мен нысанды уақытылы пайдалануға беру мәселелері назарға алынды.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда нысанның инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерін жүргізу жұмыстары қолға алынған. Алдағы уақытта заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны толық іске қосылып, алғашқы өнімін шығаруға ниетті.
Бұндай баянды бастамалар тек өзін дамытып қана қоймай, өзге де кәсіп түрлерінің көкжиегін кеңейтетіні анық. Соның бірі – егін шаруашылығы.

Өндірілетін асыл тұқымды инкубациялық жұмыртқалар Қазақстанның құс фабрикалары мен фермерлік шаруашылықтарына жеткізіліп қана қоймай, шетел нарығына да экспортталмақ. Бұл – отандық құс шаруашылығының импортқа тәуелділігін азайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жобаның тағы бір маңызды тұсы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Өндіріс толық қуатына енген кезеңде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Қарақыстақ тау бөктерінде қанат жайған жаңа өндіріс орны алдағы уақытта ауданның ғана емес, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына өзіндік үлесін қосатына бек сенімдіміз.