«Тіл мерейі — ел мерейі»
Мемлекет басшысы бүгін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елдік жиынында марқұм санаткер, қайраткер Әбіш Кекілбайұлының осы ойын сабақтап, айрықша пайымын ортаға салды.
Тіл — Жаратқанның сыйы, адамзаттың негізгі жетістігі, мемлекетшілдіктің асыл арқауы екенін дәйектеді. Азаттықтың 35 жылдық белесін тарихи серпілу сәтімен байланыстырып, «Тәуелсіздік болмаса халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетін еді» деп түйіндеді.
Қазіргі елдік жаңарудың бас құжаты Ата Заңды — Әділетті Қазақстан құрудың құқық жолын ашатын темірқазық деп бағалады.
Кәсіби сапалы әзірленген Конституция қазақ тілі әлеуетінің көрінісі болғанын байыптады.
Президент ана тіліміздің бүгіні мен болашағын, табысы мен зәрулігін кеңінен зерделеді. Атап айтсақ:
1) Қазақстан экономикасы дамыған, инновациясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған өркениетті, мықты мемлекет болса, қазақ тілінің де қуатты артпақ.
2) Қазақ тілі барлық салаға, соның ішінде креативті индустрияға белсенді енген сайын өрістей түседі.
3) Қазақ тілі — Қазақстанның мемлекеттік тілі, сонымен бірге ол — елді әлемге бар құндылығымен таныстыратын «жұмсақ күш». Бұған кешегі даналар, бүгінгі Димаш секілді таланттар өнегесі куә.
4) Қазақ тілі — өміршеңдігі бірегей, жасампаз тіл. Бодан кездегі ақын-жазушылар еңбегі, халықтың ынта-ықыласы мұны растайды.
5) Қазақ тілі қауіпті кезеңнен әлдеқашан өтті. Ендігі цифрлық платформа, жасанды интеллект, озық технологиялар оның мүмкіндігін аша береді.
6) ХХІ ғасыр тілі ретінде қазақ тілінің кең құлаш жаюына әлемдік платформалар (Yandex, Google) әріптестік байланысын ұсынып жатыр.
7) Мектепте қазақ сыныбының, ЖОО-да қазақ бөлімінің артуы білім мен ғылым жүйесінен шұғыл да сапалы іс атқаруын, сұранысты лайықты орындауын талап етеді.
Тіл — жанды, табиғи, нәзік құбылыс. Тәуелсіздік тілге не бергенін, қандай мүмкіндігін ашқанын Мемлекет басшысы дерекпен баяндады:
1) Мектеп табалдырығын аттаған балалардың 71 %-ы қазақша оқуды таңдаған.
2) Баспадан шыққан кітаптың 70%-ы қазақша.
3) Осы жылы түсірілген 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде.
4) Open. AI зерттеуі бойынша 3 жылда жасанды интеллектіні қазақ тілінде қолдану еселеп артқан.
5) Google қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.
Президент алда елеулі міндеттер тұрғанын атап көрсетті:
1) Осыған дейінгі кітап, мұрағат, мұражай, фоно-фото, видео қорларын цифрлық форматқа көшіру.
2) Технологияны, инженерияны, медицинаны, құқықты, экономиканы, ІТ-ды қазақ тілінде оқыту.
3) Қазақ тілін ғылым мен өндірістің тіліне айналдыру.
4) Қазақ тілінде сапалы оқулықтар әзірлеу.
5) Ғылыми қазақ тілін (салалар бойынша) жетілдіру.
6) Емле ережелерін, терминология заңдылықтарын қайта қарау.
7) Жаңа, сапалы, толықтырылған «Орфографиялық сөздік» әзірлеу.
БҰҰ тілдері қамтылған қос тілді сөздіктер даярлау.
Иә, бұл — кешенді елдік-интеллектуалдық жұмыс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Ұлт жұмысы — үлкен жұмыс. Үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек».
Тілдің еңбекторылары — қалам ұстаған, ой-пікірін қағазға түсіре алатын сауатты зиялылар. Әсіресе, кәсіби мамандар. Сынаушы-мінеуші де аз болмас. Керегі — сындарлы сын!
Ортақ іс — ортақ борыш.
Іске сәт!
Dikhan Kamzabekuly facebook парақшасынан https://www.facebook.com/dikhan.kamzabekuly/posts/pfbid02poWcjKG4bc3hAuEnFWBZJAhMBw7gzbRmgt9sBu1JTwcMxN3tt7xSHjEvVbvRUPuHl



