ӨРКЕНИЕТ ТІЛІНЕ АЙНАЛҒАН ТІЛ ӨЛМЕЙДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзін аса бір ыждаһатпен қабылдап, Президенттің парасатты пайымдары мен турашыл тұжырымдары сеніміме серпін берген жанның бірімін. Сондықтан да, өз пікіріммен бөлісе отырып, замандастарыма ой салу мақсатында қолыма қалам алдым. Сөз жоқ Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі сөзі — қазақ тілінің қазіргі ахуалы мен ертеңгі даму бағдарын айқындауға арналған мазмұнды мәлімдеме. Президенттің ана тілін мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар мәселе ретінде атап көрсетуі тіл тағдырына тек филологиялық немесе мәдени құбылыс ретінде емес, елдік мүдде тұрғысынан қарау қажеттігін тағы бір мәрте аңғартты.
Меніңше, Президент пайымының ең маңызды ерекшелігі — тіл мәселесін жалаң ұран мен жалынды сөздің аясынан шығарып, нақты міндеттер мен практикалық жұмыстар деңгейіне көтеруінде.
Шынында да, қазақ тілінің тағдыры туралы сөз болғанда, біз көбіне оның мәртебесін, қолданыс аясын, қоғамдағы орнын айтамыз. Алайда бүгінгі жаһандану дәуірінде тілдің өміршеңдігі оның қаншалықты заманауи технологияға бейімделгеніне, ғылым мен білімнің, цифрлық коммуникацияның толыққанды тіліне айнала алғанына да тікелей байланысты. Президенттің қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру, архивтер мен кітапханалардағы рухани мұраны цифрландыру, ғылымның түрлі салаларын ана тілімізде игеруге жағдай жасау жөніндегі тапсырмалары осы тұрғыдан ерекше мәнге ие.
Бұл — уақыт талабы. Өйткені ертеңгі ұрпақ қазақ тілін тек ата-бабасының аманаты ретінде ғана емес, әлемдік білім мен ақпарат кеңістігіне жол ашатын қуатты құрал ретінде қабылдауы керек. Қазақ баласы медицина мен инженерияны, экономиканы мен құқықты, жасанды интеллект пен ақпараттық технологияларды ана тілінде меңгере алатын деңгейге жеткенде ғана тіліміздің мүмкіндігі шын мәнінде кеңейеді.
Осы орайда қазақ тіліндегі сапалы контент мәселесі де айрықша назар аударуға тұрарлық. Бүгінгі жас ұрпақтың дүниетанымы кітаппен ғана емес, әлеуметтік желі, бейнеплатформалар, электронды қосымшалар мен цифрлық өнімдер арқылы қалыптасып жатыр. Демек, қазақ тілінің бәсекеге қабілеттілігі де осы кеңістіктегі мазмұнның сапасына байланысты. Біз жастарға қазақ тілінде сөйлеуді ғана емес, қазақ тілінде ойлануды, ізденуді, жаңалық ашуды, әлемді тануды ұсына білуіміз керек.
Өкінішке орай, біздің әлеуметтік ортада тіл жанашырларының өзі «Қазақтың тілі хал үстінде, тілдің болашағы жоқ» деген пессимистік пікірден арыла алмай жүр. Біздің тілге деген жанашырлығымыздың мазмұны, күресіміздің деңгейі осындай.
Тілдің мәртебесін көтеру үшін неден бастауымыз керектігін бүгін Мемлекет басшысы нақты мысалдар негізінде жүйелеп берді.
Президенттің орфография мен емле ережелерін жүйелеу, орфографиялық сөздікті жаңарту, тілдегі бірізділікті қамтамасыз ету мәселесін көтеруі де өте өзекті. Өйткені тілдің дамуы тек жаңа сөздер жасаумен өлшенбейді. Ең алдымен, сол тілдің ішкі жүйесі, ғылыми негізі, қолданыс мәдениеті орнықты болуы қажет. Бір ұғымның бірнеше нұсқада қолданылуы, терминдердің ала-құлалығы, жасанды баламалардың көбейіп кетуі тілдік ортада түсініспеушілік туғызатыны рас.
Бұл жерде тіл өзгермейтін қатып қалған құбылыс емес, ол үнемі дамып, толығып отыратын тірі ағза екенін ескеруіміз керек.
Мемлекет басшысының қазақ тілін өзге тілдерге қарсы қоймау, керісінше, оны ел бірлігінің ортақ құндылығы ретінде дамыту жөніндегі ұстанымы да назар аударуға лайық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ешкімнің құқығын шектеу деген сөз емес. Керісінше, қазақ тілін Қазақстандағы барша азаматты ортақ тарихи кеңістікке, ортақ мәдени құндылықтарға біріктіретін рухани көпірге айналдыруымыз қажет.
Дегенмен мемлекеттік тілдің болашағын тек мемлекеттік органдардың немесе тіл жанашырларының міндеті деп қарастыруға болмайды. Бұл — бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әсіресе, тіл мәселесінде отбасының, білім беру жүйесінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, мәдениет пен өнер саласының орны бөлек.
Осы тұста мерзімді басылымдардың жауапкершілігіне арнайы тоқталғым келеді. Газет-журналдар — тілдің жай ғана ақпарат жеткізу құралы емес, оның әдеби нормасын қалыптастыратын, сөз мәдениетін орнықтыратын, ұлттық ойлау жүйесін сақтайтын маңызды қоғамдық институттар. Қазақ баспасөзінің ғасырдан астам тарихында ана тіліміздің байлығын сақтап, әдеби тілдің өрісін кеңейтуге қосқан үлесі айрықша. Сондықтан бүгінгі баспасөз де осы тарихи миссиясын жаңа заман талаптарына сай жалғастыруы керек.
Құрылтайда айтылған тағы бір маңызды бастама — қазақ тілінің халықаралық байланысын кеңейту, көптілді сөздіктер әзірлеу, Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру. Бұл — қазақ тілінің әлемдік ғылыми және мәдени кеңістікке шығуына мүмкіндік беретін бағыт. Ана тіліміздің халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру — ұлттық мәдениетімізді әлемге танытудың да бір жолы.
Әрине, бүгінгі айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс, нақты жауапкершілік және қоғамдық бақылау қажет. Президент ұсынған бастамалардың нәтижесі олардың қаншалықты сапалы орындалатынымен өлшенбек. Құрылған жұмыс тобының қызметі, сөздіктерді жаңарту, цифрлық қорды қалыптастыру, қазақша контентті көбейту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қоғамға түсінікті болуы тиіс.
Қорыта айтқанда, қазақ тілінің тағдыры — тек тіл мамандарының мәселесі емес. Бұл — ұлттың болмысы, мемлекеттің келешегі, тәуелсіздіктің рухани тірегі. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы қарсаңында өткен Х құрылтайда көтерілген мәселелердің маңызы да осында.
Біз енді қазақ тілінің болашағы туралы алаңдаумен ғана шектелмей, оның болашағын өз қолымызбен қалыптастыруға тиіспіз. Ол үшін тілге деген құрмет күнделікті өмірімізден, отбасымыздан, жұмыс орнымыздан, ақпараттық кеңістігімізден көрініс табуы керек.
Өркениет тіліне айналған тіл өлмейді!
Алтынбеков Бекзат Қомарұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі,
Әділет партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы.
Бекзат Алтынбеков facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1A6n5kuhjZ/

