ЖОЛДАУ ЖҮГІ – ЖАУАПКЕРШІЛІК, МЕЖЕСІ – НАҚТЫ НӘТИЖЕ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты кезекті Жолдауы ел дамуының жаңа міндеттерін айқындап, қоғам мен мемлекеттік басқару жүйесінің алдына ауқымды мақсаттар қойып отыр.
Жолдаудың атауының өзінде терең мән бар. Өйткені қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, технологиялық бәсеке, экономикалық өзгерістер әр мемлекеттен стратегиялық көрегендікпен қатар, нақты іс-қимыл мен жедел шешімдерді талап етеді.
Президент көтерген мәселелердің ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілуі ерекше назар аудартады. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу мен жаңғырту – жай ғана құрылыс жұмысы емес. Бұл – адам капиталына салынған инвестиция, ұлттың болашағына жасалған қадам. Әсіресе, шалғай ауылдардағы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі, балалардың заманауи білім алуына мүмкіндік жасалуы, мәдениет ошақтарының қолжетімді болуы ел ішіндегі әлеуметтік теңдікті нығайтуға ықпал етеді.
Алайда мұндай бастамалардың тиімділігі бой көтерген ғимараттардың санымен ғана өлшенбеуге тиіс. Ең бастысы – сол нысандарда білікті мамандар жұмыс істеп, халыққа сапалы қызмет көрсетілуі керек. Қаржының мақсатты жұмсалуы, құрылыс сапасы мен жүзеге асыру мерзімінің сақталуы, әрбір жобаның қоғамға беретін нақты пайдасы қатаң бақылауда болғаны жөн. Президент атап өткендей, мемлекеттік қаражаттың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Демек, кез келген бастаманың нәтижесі қарапайым азаматтың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет.
Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – экономиканы технологиялық тұрғыдан жаңғырту және цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу. Жасанды интеллект пен цифрлық экономиканың дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны анық. Бірақ технологияны енгізудің өзі жеткіліксіз. Оны өндіріске, ауыл шаруашылығына, білім беру мен медицинаға тиімді пайдалана алатын мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қатар жүруі керек. Технологиялық жаңғырудың нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың табысы өскенде ғана оның шынайы тиімділігі байқалады.
Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, көлік-логистика мен энергетика әлеуетін нығайту мәселелерінің маңызы зор. Экономиканың орнықты дамуы үшін кәсіпкерге тұрақты әрі түсінікті ереже, әділ бәсеке және қолайлы іскерлік орта қажет. Мемлекеттік қолдау нақты өндіріс ашуға, өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталса, оның қайтарымы да жоғары болады. Әсіресе, өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ел экономикасының әртараптануына жол ашылады.
Қарағанды облысы секілді өнеркәсіптік өңірлер үшін бұл міндеттердің өзектілігі айрықша. Өндірісті технологиялық жаңарту, энергетикалық инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шағын бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту – өңірдің тұрақты дамуына тікелей әсер ететін бағыттар. Сонымен бірге ауылдық аумақтардың мәселелері де назардан тыс қалмауға тиіс. Таза ауыз су, сапалы жол, тұрақты энергия, қолжетімді медицина мен білім – қала мен ауыл тұрғындарының өмір сапасындағы алшақтықты азайтудың негізгі шарттары.
Экономикалық өсім туралы сөз қозғағанда, халықтың нақты табысы мен тұрмыс деңгейін де басты өлшем ретінде қарастыру қажет. Инфляцияны тежеу, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, салық саясатын жетілдіру жөніндегі шаралар азаматтардың күнделікті тіршілігіне оң ықпал етуге бағытталуы керек. Өйткені макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы әр отбасының әл-ауқатынан көрініс тапқанда ғана қоғам үшін нақты мәнге ие болады.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру да Жолдаудағы маңызды міндеттердің қатарында. Қоғамның мемлекетке деген сенімі қабылданған шешімдердің әділдігіне, заңның баршаға бірдей қолданылуына және мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне байланысты. Азаматтардың өтінішіне құлақ асу, бюрократиялық кедергілерді азайту, әрбір басшының өзіне жүктелген міндетті орындауын талап ету – басқару мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Жалпы, Президент Жолдауында қамтылған маңызды міндеттердің сапалы һәм нәтижелі жүзеге асуына әрбір азамат зор жауапкершілікпен үлес қосып, идеологиялық платформалардың тарихи маңызына мән беруі керек деп ойлаймын. Бұл бағыттағы бастамаларға еліміздегі барлық саяси ұйымдар да атсалысуы қажет.
Өз басым ӘDILET партиясының өңірлік құрылымының жетекшісі ,Қазақстан Халық Кнңесінің мүшесі ретінде Президент тапсырмалары мен Жолдау жүктеген міндеттердің біздің партиялық жобалармен , көтерілген бастамалар үндестігіне ерекше мән беремін. Бүгінгі геосаяси ахуал күрделеніп тұрған кезеңде бірлік пен келісімнің маңыздылығын Президентіміз де баса айтты Жолдауда. Иә, бірлік — берекенің, келісім- кемелденудің кепілі. Сондықтан, билік саясатын сынап-мінеп, «тырнақ астынан кір іздейтін » уақыттың әлдеқашан өтіп кеткенін, бүгінгі дәуір талабы мүлде басқа екенін ескергеніміз жөн.
Адамдардың табысы артып, ауылдардың ажары кіріп, кәсіпкерліктің тынысы ашылып, білім мен ғылымның әлеуеті күшейгенде ғана алға қойылған мақсаттардың шынайы нәтижесі көрінеді. Сондықтан бүгінгі міндет – жаңа бастамаларды нақты іске айналдырып, ел болашағы үшін қабылданған шешімдердің орындалуына ортақ жауапкершілікпен қарау.
Бекзат Алтынбеков facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1LTt5xDaCn/