Алматыда әл-Фараби даңғылының үстінде жаңа демалыс кеңістігі ашылды

Google карталарын жаңартатын уақыт келген сияқты. Өйткені әл-Фараби даңғылының үстінде, Тұңғыш Президент саябағының іргесінде бірнеше айдан бері жаңа демалыс орны — Flow Park жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде ол балалы аналардың ғана емес, қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәтке тынығып, демалғысы келетін жандардың да сүйікті мекеніне айналып үлгерді.

Мұнда келушілердің сан алуан түрін кездестіруге болады: балаларын арбаға отырғызып серуендеп жүрген аналар, асықпай қыдырғанды ұнататындар және белсенді демалысты қалайтындар. Ал экстремалды спорт әуесқойлары үшін скейтборд, велосипед және самокат тебуге арналған бірнеше арнайы алаң қарастырылған. Мұнда олар шеберліктерін шыңдап, күрделі трюктерді орындауға мүмкіндік алады.

Тыныштықты қалайтындар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Саябақта орындықтар қойылған жайлы жағалау бар. Бұл — сәл тынығып, айналадағы әсем көріністерді тамашалауға немесе су маңында уақыт өткізуге таптырмас орын. Ал жүгіруді ұнататындарға жаттығуды жайлы әрі қауіпсіз етуге арналған арнайы жабын төселген.

Кішкентай келушілерді қуантатын ерекше орындардың бірі — мұндағы көптеген әткеншектер. Олардың көптігі соншалық, балаларға кезек күтіп, орынға таласудың қажеті де бола қоймас. Әр бала өзіне ұнайтын ермек таба алады.

Сірә, Алматы картасында туристер ғана емес, қала тұрғындарының өздері де назар аударуға тұрарлық тағы бір орын пайда болды. Өйткені кейде жаңа сүйікті мекенді табу үшін алысқа барудың қажеті жоқ.