ЖАҢАТАС ҚАЛАСЫНЫҢ ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА
Қалалық қазандықты табиғи газға көшіру – жылу сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Жаңатас қаласының жылу жүйесін жаңғырту және қалалық қазандықты табиғи газға көшіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жоба – Жаңатас үшін әлеуметтік маңызы жоғары бастамалардың бірі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында қалалық жылу жүйесін жаңғыртып, қазандықты заманауи технологияларға сай қайта жабдықтау көзделген.
Қазіргі таңда қалалық қазандықты табиғи газға қосу жұмыстарының негізгі кезеңдері жүзеге асырылуда. «QazaqGaz» өкілдерімен бірлесіп, қазандыққа тартылған газ құбырына қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ өткен аптада қалалық қазандыққа табиғи газ жеткізілді. Бұл – жобаны іске асырудағы маңызды кезеңдердің бірі. Қазандықта жаңа BOSCH қазандықтары орнатылған. Сондай-ақ, оларды табиғи газбен іске қосу, реттеу және техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Мамандар барлық қажетті техникалық шараларды кезең- кезеңімен атқарылып, қазандықтың қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуіне ерекше назар аударуда.
Жылу жүйесін табиғи газға көшіру – тек отын түрін өзгерту ғана емес, сонымен қатар қаланың жылу инфрақұрылымын жаңғыртып, оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін кешенді жұмыс. Табиғи газды пайдалану қазандық жұмысының тиімділігін арттырумен қатар, атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және жылу энергиясын өндірудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге оң әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызын атап өтіп, газға деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын айтқан болатын: — «Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс», – деді.
Жаңа жүйе қазандық жұмысының тиімділігін арттырып, жылу өндіру үдерісін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге заманауи қазандық жабдықтарының іске қосылуы жылу беру сапасын арттыруға жол ашады. Қазір мамандар тарапынан қазандықтың жаңа жабдықтарын іске қосу, реттеу және сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Әрбір техникалық кезеңнің талапқа сай орындалуы – алдағы жылыту маусымының қауіпсіз әрі тұрақты өтуінің маңызды кепілі.
Жаңатас қаласының жылу жүйесін жаңғырту – қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Жобаның толық жүзеге асуы нәтижесінде тұрғындарды сапалы және тұрақты жылумен қамтамасыз ету мүмкіндігі артып, қазандық жұмысының тиімділігі жоғарылайды. Басты мақсат – Жаңатас қаласының тұрғындарына қауіпсіз, сапалы әрі тұрақты жылу беру, сондай-ақ қаланың жылу энергетикасы жүйесін заманауи талаптарға сәйкестендіру.



