Сарысу ауданының медицина мекемелері су жаңа 7 қызметтік автокөлікпен толықты


 

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей қолдауының арқасында Сарысу ауданының денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, маңызды істер атқарылуда. Атап айтқанда, аудандық медициналық мекемелерге су жаңа 7 қызметтік автокөлік беріліп, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі еселене түсті. Бұл заманауи көліктер Саудакент ауылдық емханасына, сондай-ақ Жайылма, Тоғыскент және Жайлаукөл дәрігерлік амбулаторияларында еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің игілігіне берілді. Ауылдық жерлерде науқастарға дер кезінде жету, қажетті көмекті кідіріссіз көрсету ісін жолға қоюға бағытталған бұл игі бастама өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қосылған үлкен үлес болып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай жүйелі қолдаулардың арқасында ауыл медицинасының сапасы артып, халықтың дәрігерлерге деген сенімі нығая түсуде. Сонымен қатар, Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының қуанышын еселеді. Бұдан бөлек, Саудакент ауылдық ауруханасының жылыту қазандығы күрделі жөндеуден өтіп, алдағы қыс маусымына толық әзірленді.