«NUR TLEU» кооперативі «Ауыл аманаты» арқылы техникалық базасын толық жаңартты

 

Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылдық округіндегі «NUR TLEU» ауыл шаруашылығы кооперативі ауыл тұрғындарының берекелі еңбегін бір арнаға тоғыстырып, мал азығын дайындау, егіншілік және су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалануда. Ауылдың әлеуеті ең алдымен жердің қадірін біліп, малдың бабын тауып, маңдай термен еңбек еткен шаруалардың еңбегімен өлшенеді. Сарысу ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып, елдің тұрмысын түзеуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның бір айқын мысалы – төрағасы Нұртлеу Оспанов басқаратын «NUR TLEU» ауыл шаруашылығы кооперативі.

Кооператив өз жұмысын 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бағыты бойынша бастап, ауыл шаруашылығын дамытуға ден қойды. Бүгінде шаруашылықтың тынысы кеңейіп, жер игеру мен мал шаруашылығын қатар алып келе жатқан іргелі шаруашылықтардың біріне айналып отыр. Кооператив қарамағында суармалы 50 гектар, жайылымдық 200 гектар және 300 гектар шабындық жер бар. Сонымен қатар Төменгі Шу бойынан қосымша 500 гектар шабындық жер алынып, ауыл шаруашылығына тиімді пайдаланылуда. Бұл жерлерден алынатын өнім кооператив мүшелерінің мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған кооперативке 164 шаруа мүше болып, ауылдағы шаруашылықтардың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Осы шаруалардың мал азығына деген қажеттілігін өтеу, егін шаруашылығын механикаландыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында кооператив заманауи техникалармен жарақтандырылған. Атап айтқанда, субсидияланатын 3 «ЮТА» тракторы және қажетті 23 ауыл шаруашылығы агрегаты сатып алынған. Техниканың жаңаруы шаруалардың уақытын үнемдеп қана қоймай, жерді сапалы әрі тиімді өңдеуге, егіс жұмыстарын белгіленген мерзімде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.