Бүгінгі жалпы отырыста әріптестермен бірге Құрылтай Регламентін қабылдадық.
Жалпы Құрылтай Регламенті деген не?
Осыған кеңірек түсінік бере кетейін.
Регламент – Құрылтай қызметін ұйымдастыруды айқындайтын кешенді де негізгі құжат.
Заң шығарушы органның бүкіл қызметі, Құрылтай депутаттарының жұмысы осы құжат арқылы реттеледі.
Құрылтай Регламенті Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларына және «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес әзірленді.
Жалпы, бұл құжат жерден жонып, аспаннан ойып алынған жоқ, Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының бұрын қолданыста болған регламенттері негізге алынды.
Құрылтайдың бір палаталы моделін және оның конституциялық өкілеттіктерінің жаңа жүйесін ескере отырып, отырыстарды өткізу тәртібі біріздендірілді, ал терминология жаңа Конституцияға сәйкестендірілді.
Құрылтайда заң жобаларын қарау тәртібі айтарлықтай өзгертілді.
Заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі белгіленді.
Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаттары мен міндеттері талқыланады.
Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады.
Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан қаралады.
Бұл ретте халықаралық шарттарды ратификациялау (денонсациялау) екі оқылымда қаралады.
Ал, жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-әрекет жасау тәртібі жеке регламенттелді. Оның өкілдері өз өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға құқылы.
Сондай-ақ депутаттық әдеп қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің қызметін ұйымдастыру тәртібі жеке айқындалады.
Қорытынды ережелер Құрылтай қызметінің басталуы кезінде заңнамалық процестің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Бұған дейін Мәжіліске енгізілген заң жобаларын Құрылтай жаңа Регламенттің қағидалары бойынша қарауды жалғастырады.
Осылайша, құқықтық сабақтастық сақталып, Парламенттің екі палаталы моделінен бірыңғай Құрылтай қызметіне ұйымдасқан түрде көшу қамтамасыз етіледі.

