Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы
Бүгін Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Үкіметтің әлеуметтік блогына жетекшілік ететін бірқатар министрлердің кандидатураларын қарап, оларға тиісті келісім бердік.
Күн тәртібінде Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлері лауазымдарына ұсынылған кандидатуралар жан-жақты талқыланды.
Ұлттың рухани діңгегін нығайтып, мемлекеттің идеологиялық бағдарын қалыптастыратын стратегиялық құрылым — Мәдениет және ақпарат министрлігін ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеудің, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктегі өзекті мәселелерді шешудің маңызын терең түсінетін білікті маман басқаруы аса маңызды.
Әділетті Қазақстанның жаңа идеологиялық парадигмасын жүзеге асыруда аталған министрлікке үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз министрден қоғамдық сананы жаңғырту, мәдени мұраны ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында нақты әрі сапалы нәтижелер күтеміз.
Сонымен қатар, қоғам өмірінің маңызды салаларына жетекшілік ететін өзге де министрлердің бағдарламалары тыңдалып, алдағы кезеңдегі басым міндеттер талқыланды.
Денсаулық сақтау саласында медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ауыл медицинасын дамыту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қордаланған мәселелерді шешу басты міндеттер ретінде айқындалды.
Туризм және спорт министрлігінде бұқаралық спортты дамыту, кәсіби спорттағы өзекті мәселелерді реттеу және туристік әлеуетті экономиканың маңызды драйверіне айналдыру міндеттері тұр.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту салаларында жұмыспен қамтуды арттыру, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, білім сапасын көтеру және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беруге ерекше назар аударылды.
Үкіметтің әлеуметтік блогы — халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, әл-ауқатына және елдің болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды бағыт.
Сондықтан Комитет мүшелері ұсынылған кандидатураларды қолдай отырып, олардың алдына Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы әрі нәтижелі орындау жөнінде нақты талаптар қойды.
Ел игілігі жолындағы қызметте жалаң сөз емес, нақты бастамалар мен нәтижелі істер күтеміз.
Халықтың сенімі — үлкен жауапкершілік. Сол сенімді ақтау әрбір басшының басты міндеті болуы тиіс.
Жанарбек Әшімжан facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1DdTYHTKzN/



