Әділетті құқықтық жүйе тек жазалаумен шектелмеуі керек
Құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі – әрбір құқық бұзушылыққа оның нақты қоғамдық қауіптілік деңгейіне сай құқықтық баға беру. Бұл жазаны күшейтуді емес, жауаптылықтың әділ әрі өлшемді болуын талап етеді.
Құқық бұзушылықтың барлығын бірдей деңгейде қарау құқықтық әділеттілік қағидатына қайшы келуі мүмкін. Бір әрекет қоғамға елеулі қауіп төндірсе, енді бірінің зияны төмен болуы ықтимал. Сондықтан заманауи құқықтық жүйелерде сараланған тәсіл қалыптасқан. Оның мақсаты – кез келген жағдайда жазалауды қатаңдату емес, жасалған әрекет пен оған қолданылатын жауаптылықтың арасында тиісті өлшемді сақтау.
Қазақстанның құқықтық жүйесіне 2014 жылы қылмыстық теріс қылық институтының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадам болды. Қылмыстық теріс қылық қылмыстық құқық бұзушылықтың бір түрі саналғанымен, оны ауыр қылмыстармен бір деңгейде бағалауға болмайды. Өйткені оның қоғамға келтіретін зияны, жауаптылық шаралары мен құқықтық салдары өзгеше.
Осы жерде пропорционалдық қағидаты ерекше мәнге ие. Егер заң шығарушы белгілі бір әрекетті қылмыстан төмен қоғамдық қауіптілік деңгейіндегі құқық бұзушылық ретінде белгілесе, оның құқықтық салдары да қылмыс жасаған адамға қойылатын талаптармен бірдей болмауға тиіс. Алайда қазіргі тәжірибеде қылмыстық теріс қылық пен қылмыстың кейінгі құқықтық салдары арасында мұндай айырмашылық әрдайым анық байқала бермейді.
Мәселенің өзектілігі адамның қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылғаннан кейін сотталған болып есептелуімен де байланысты. Бұл жерде мәселе тек сотталғандық фактісінде емес, оның кейінгі құқықтық салдарының жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілігіне қаншалықты сәйкес келетінінде.
Сондықтан қылмыстық теріс қылық үшін жеңілдетілген құқықтық режім белгілеу орынды. Оған сотталғандықтың жойылу мерзімін қысқарту немесе белгілі бір уақыт өткеннен кейін бұл фактінің адамның құқықтық жағдайын шектеуге негіз болмауын қарастыру жатады. Мұндай тәсіл жауаптылықтан толық босатуды емес, жауаптылық пен құқықтық салдардың өлшемдестігін білдіреді.
Бұл ретте құқықтық мемлекеттің мақсаты тек жазалау емес екенін ескеру қажет. Адам жасаған әрекеті үшін жауап беруі тиіс, бірақ сонымен бірге қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік алуы керек. Әкімшілік жауаптылықтың құқықтық салдары бір жылдан кейін тоқтайтынын ескерсек, қылмыстық теріс қылыққа қатысты ұзақ мерзімді шектеулердің қаншалықты негізді екені туралы мәселе туындайды.
Теріс қылықтар туралы арнайы кодекс қабылданған жағдайда бұл мәселені де реттеуге мүмкіндік бар. Мысалы, қылмыстық теріс қылық бойынша жауаптылыққа тартылғаны туралы мәлімет белгілі бір мерзім өткеннен кейін адамның құқықтық жағдайын шектеуге негіз болмауы мүмкін. Мұндай кезең ретінде үш немесе бес жыл қарастырылуы ықтимал. Бұл құқық қорғау мақсатында ақпаратты сақтауға кедергі келтірмейді, бірақ оның адамның бүкіл өміріне әсер ететін шектеуге айналуына жол бермейді.
Құқық бұзушылықтарды саралау кезінде халықаралық тәжірибеге де назар аударған жөн. Мәселен, Қазақстанда белгілі бір әрекеттер қылмыстық теріс қылық ретінде қарастырылса, Ресейдің құқықтық жүйесінде ұқсас сипаттағы кейбір әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық ретінде белгіленген. Бұған өз бетінше билік жүргізу құрамын мысал етуге болады.
«Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 389-бабының 1-бөлігі бойынша бұл әрекет елеулі зиян келтірілмеген жағдайда да қылмыстық теріс қылық ретінде қаралады. Ал Ресейде дәл осындай әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 19.1-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланады. Бұл Ресей тәжірибесін сол күйінде енгізу керек дегенді білдірмейді. Алайда қоғамдық қауіптілігі төмен әрекеттерді міндетті түрде қылмыстық құқық аясында қарастыру жалғыз модель емес екенін көрсетеді», дейді құқық магистрі Нұрлан Жармаханбет.
Демек, мәселе белгілі бір елдің тәжірибесін көшіріп алуда емес, құқық бұзушылықтың табиғаты мен оған қолданылатын құқықтық салдардың өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуде. Қылмыстық теріс қылық институтын жетілдіру қылмыстық саясатты ізгілендіруге де мүмкіндік береді. Мұндай қадам жауаптылықтың әділдігін арттырып қана қоймай, адамның қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайды.
Әділетті құқықтық жүйе тек жаза белгілеумен шектелмеуі керек. Ол әр адамның жасаған әрекеті мен сол әрекеттен кейін туындайтын құқықтық салдардың арасында әділ өлшемнің сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Сондықтан алдағы құқықтық реформаның негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық қауіптілік деңгейі төмен құқық бұзушылықтарға олардың табиғатына сай дербес әрі өлшемді жауаптылық жүйесін қалыптастыру.

