Бір үзік
■ Телефон сыңғыр ете қалды. Тұтқаны көтердім.
– Жолдас Тәшенов сізді сағат 12-де қабылдамақ…
Жоғарғы Совет президиумының председателі Жұмабек Тәшеновті естігенім болмаса, көрген кісім емес.
Верховный Советке бардым. Тап мені күтіп отырғандай-ақ помощнигі ізетпен алдымнан шығып, кезексіз тіктен-тіке председательдің бөлмесіне кіргізді.
Кең кабинеттің төрінен орта бойлы тығыншықтай сары жігіт орнынан тұрып, жеңіл қадаммен алдымнан шықты.
Амандастық. «Тақтың» алдындағы столға қарама-қарсы отырдық.
– Бауке, халіңіз қалай? – деген сұрақтан сөзін бастады председатель. – Денсаулық қалай?
Мен жауап қаттым.
– Онша мақтанарлық емес… – деп бастай бергенімде, ол столдағы бір седеп түймені басты. Помощнигі жетіп келді.
– Немедленно позвоните Ерастову. Чтоб он прекрепил полковника к больнице Совета Министров…
– На Ерастова не жалуюсь…
– Если нужно, пусть его положат в больницу в правительственную палату. Идите.
Помощнигі кетті. Мен не айтарымды білместен, сасқалақтап:
– Благодарю Вас, – деппін.
– Сіз арақ ішесіз бе?
– Ішемін.
– Сізге пиво да ішуге болмайды. Темекі тартасыз ба?
– Тартамын.
– Көп тартасыз ба?
– Көп тартамын.
– Оныңызды қойыңыз. Сіз бізге өте керек адамсыз. Не істеп жүрсіз?
– Жазып жүрмін.
– Не жазып жүрсіз?
– Көрген-білгендер мен өткен-кеткендер. Менің темаларым…
– Ол өте дұрыс екен. Ол да бізге өте керек, – деп бастырмалатып сөзімді аяқтатпады.
«Е, бұ кісі асығып отыр екен ғой» деген оймен тілімді тарттым.
Председатель маған Рахымжан Қошқарбаевтың арызын көрсетті:
– Мен сізбен осы жағынан ақылдасайын деп шақырып едім…
Қағазды оқып шыққан соң:
– Его личное заявление не служит основанием, – дедім.
– Қазақшалап сөйлеңіз.
– Архивтан дәлелдейтұғын материалдар керек. Оларсыз киліксеңіз, ұялып қалуыңыз мүмкін.
– Мұныңыз өте дұрыс ақыл. Оны қалай табамыз?
– Іздеу керек.
– Сіз іздесеңіз қайтер еді?
– Іздейін.
– Қаражатты мен бергізейін.
– Жоқ. Мен қаражат алмаймын.
– Мұныңыз не?
– Таба алмасам ше?..
– Жоқ. Сіз табасыз. Сіз таппағанда, кім таппақ оны?
– Мен іздестірейін. Тапсам дұрыс, таппасам – мойыныма ешқандай міндеттеме алғым келмейді…
– Келістік. Сіз іздестіресіз, сіз табасыз.
– Жарайды. Бірақ та мен ақшадан аулақпын.
– Жарайды. Ал енді сіз туралы да көп хаттар бар. Сізді неге Герой Советского Союза емес деп жазады менің атыма…
– Это компетенция правительства.
– Мен үкімет бастығымын…
– Вы всего лишь председатель президиума Верховного Совета Республики…
– Я заместитель Ворошилова…
– Оны білемін.
– Сіз менің атыма арыз, өмірбаяныңызды толық етіп жазыңыз. Барлық көрсеткен ерліктеріңізді жазыңыз. Мен ол мәселені Ворошиловтың алдында көтеремін…
– Жоқ. Мен еш нәрсе жазбаймын. Мен туралы жазылғандар аз емес.
– Онда соларды қарастыралық. Оларды қайдан табуға болады?
– Мен ол жағын білмеймін.
■ Тағы біраз сөйлестік.
Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. Естеліктер мен күнделіктер. – Тараз, 2007. – 129-131 б.б.
©Құлтөлеу МҰҚАШ.
Суретте: Жұмабек Тәшенов пен Бауыржан Момышұлы. Шамамен 1960 жыл қарсаңы.
Kultoleu Mukash facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/185DzM2wb3/

