ЫҚТИЯР ӨЗІҢДЕ
Жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен елімізде мемлекеттік құрылыстың бетбұрыс кезеңі басталды.
Заң мен тәртіп, пікірде, істе, ортада тазалық сияқты өзекті құндылықтарға мән беру жөнінде аз айтылып жатқан жоқ. Әрине, ел-жұртымыздың басты тілегі — мемлекеттік басқару құрылымдарына нағыз отаншыл азаматтардың, білікті, жауапты мамандардың келуі.
Жалпы халықтың қалауы — еліміздің ең лайықты азаматтарын Құрылтай депутаттары қатарынан көру.
Рас, мұны жүзеге асыру тиісті заңдарға сәйкес атқарылады. Әділдігін айтсақ, ол — тұтас халқымыздың еркіндегі іс, әрбір сайлаушының заңды құқы.
Кезінде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы:
“Сайлау деген өзіңе берген ықтияр” деген. Бұл анықтама жайдан-жай айтылмаса керек. Сондықтан осы жылғы 23 тамызға белгіленген сайлаудың жөні бөлек.
Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы” Жарлығымен Үкіметке, Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты шұғыл бір ұсыныс енгізуді жөн санаймыз.
Мысалы, өркениетті елдерде, соның ішінде Америка Құрама Штаттарында мемлекет үшін әлеуметтік-саяси маңызы бар науқанға еріктілерді (волонтер) тартуға көп көңіл бөлінеді. Бұған іс-шараларды әзірлеп, өткізуде ақысыз қызмет көрсету деп қана емес (шығындарды үнемдеуге де себі тиеді), отаншылдық сезімге негізделген азаматтық мәдениет қалыптастырудың үлгісі ретінде қарайды.
Ал, бізде көпшілік мұндай қызметті жастарға немесе бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне ғана тиесілі деп санайды. Бұл мүлдем қате түсінік дер едік. Жас ерекшелігін ескере отырып, оларды тиімді пайдалану — қоғамдық борыш. Сонда елімізде белгілі бір дәрежеде волонтерлік мәдениет қалыптасып, өркениеттілік өлшеміне айналары анық.
Бұл — ұсыныс қана.
Елдегі еріктілер қозғалысы ешқашан бір реттік болмағаны жөн. Мұнда ең бастысы — қоғам жауапкершілігі, елге арналған ортақ жұмыстағы сабақтастық.
Еріктілер — ешқашан қол бала да, еріксіз де болмауы керек. Оның миссиясы — қоғам мүддесіне, адалдыққа, әділеттікке, тазалыққа қызмет ету. Ендеше іске сәт!
Бұл ұсыныс сайлауға дайындық өткізуге қатысы бар барша ұйымдарға арналады.
Дархан МЫҢБАЙ facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/14hJA8YHdDQ/

