Бала — әрбір адамның өмірінің жалғасы, келешек-болашағы.

Үйіңнің босағасы — алтыннан, табалдырығы — күмістен болса да, перзент сүймей, адамның мейірі қанбайды. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, шаңырақтың бар қызық-қуанышы да, базары да, той-думан мерекесі де — бала. Қазақ — өте балажан халық, баласы қанша болса да, көп көрмейді, тіпті ырым етіп бала санын бадырайтып айтпайды. Ұрпақ жалғастығына зор мән береді. Қазақтағы ең ауыр сөз — «қубас» деген атау. Сол үшін кез келген ата-ана артында ұрпақ қалып, ошағының отын жағып, түтінін түзу шығарғанын тілейді. Сол жолда атар таң, батар күн демей, тіршіліктің тақпезер тізесі батса да, төзеді. Баласының теңтұсынан кем болмай, адал азамат болғанын армандамайтын адам жоқ. «Ағаш жапырағымен көрікті, адам ұрпағымен көрікті» дейді. Қазақтар бір-біріне: «Бала-шағаңның қызығын көр!» — деп тілек айтады.
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Балаңды жұрт мақтаса,
Бәрінен де сол игі, — деп баланың жақсы ержетіп, әке атына атақ қосқанын үлкен мақтаныш көреді.
Ананың уызында жеті атаның тектік қасиеті болады
Сосын мына бір қызықты қараңыз. Неше түрлі ғажайып дүниелерді жасап, айға да ұшып жатқан адамзат ананың уызы мен сүтінің құрамын әлі тапқан жоқ. Соған ұқсастырып жасайды, бірақ ол ана сүтіндей болмайды. Бұл да құдайдың құдыреті ғой. Сол ананың сүтінде, әсіресе екі-үш күндік уызда бүткіл жеті атаның тектік қасиеті болады екен. Баршаға белгілі, Кеңес өкіметінің кезінде перзентханада баланы екі-үш күн әкелмейтін. Есесіне, «балаға береміз» деп аналардың сүтін ыдысқа сауғызып әкететін. Соны кейін ақыл-есім бүтінделген кезде ойлаймын ғой. Оны сол уақытта перзентхананың ережесі деп ойлаппыз. «Неге баланы тікелей еміздірмеді? Не үшін ыдысқа сауғызып әкетті? Оны менің балама берді ме? Жоқ, әлде ауысып кетті ме? Бәлкім бір палатада жатқан алты әйелдің сүтін араластырып, сол кездің тілімен «Ассамблея», қазіргі тілмен айтқанда «Халықтар достығын» жасаған шығар. Кейде баламның мінезінен әулетінде жоқ мінез-құлықты байқағанда: «Ойпырмай, осының кіндік шешесі кім болды екен?» – деп ойлаймын. Бірақ Иванова ма, Петрова ма, есіме түсіре алмаймын.
Бұрын қазақтың қара домалақ балалары екі-үшке келгенше ойнап жүріп, арасында жүгіріп келіп шешесінің омырауын еміп кететін. Қазір келіндердің сүті екі-үш айда-ақ тартылады. Неге екенін айтайын ба? Өйткені қазір қыз кезінен көлік мінеді. Бойындағы әйелдік қасиетінің барлығын темір сорып қояды. Сол үшін де өздіктерінен босана алмайды. Ылғи кесіп алады. Кесіп алғаннан кейін екі-үш айдан кейін сүт тартылады. Ары қарай жасанды сүт ішеді. Егер осыларды шындап қолға алатын болсақ, ұлт тазарар еді.
Зейнеп Ахметова