Әділет дәуірінің алдындағы аманат

Бүгін біз партиялардың тағдырын емес, мемлекеттің болашағын талқылауға тиіспіз.
Өйткені XXI ғасырда мемлекеттердің қуаты жер көлемімен, табиғи байлығымен немесе экономикалық пәрменімен ғана өлшенбейді. Бүгінгі әлемде елдің шынайы әлеуеті оның институттарының сапасымен, заңдарының әділдігімен, қоғамының сенімімен және ұлттық мақсат жолында жұмыла білу қабілетімен айқындалады.
Тарихқа зер салсақ, мемлекеттер көбіне сыртқы жаудан емес, ішкі сенімнің әлсіреуінен әлсіреген. Заңға сенім азайса, тәртіп әлсірейді. Тәртіп әлсіресе, даму баяулайды. Даму баяуласа, қоғамның ертеңге деген үміті кемиді. Сондықтан әділет ұғымы бүгінгі Қазақстан үшін жай ғана саяси ұран емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді өміршеңдігінің басты шартына айналып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформаларының түпкі мәні де осында. Мемлекет басшысы AMANAT партиясының тарихи қызметіне баға бере отырып:
«AMANAT партиясы мемлекетімізді жаңғыртуға, Заң мен Тәртіп қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қосты», – деп атап өтті.
Бұл – бір партияның ғана еңбегіне айтылған алғыс емес. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның белгілі бір кезеңіндегі мемлекетшілдік дәстүрге берілген саяси баға.
Ал енді уақыт жаңа міндет қойып отыр.
Жаңа Конституция күшіне енер тарихи кезеңде еліміздің саяси жүйесі де жаңа сапаға өтуі тиіс. Конституциялық заңдар қабылданды, мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі қалыптасуда. Мұндай жағдайда саяси партиялар бұрынғыдай тек сайлау науқаны кезінде көрінетін ұйым емес, қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты сенім көпіріне айналуы қажет.
Таяу күндері, 1 шілдеде еліміздің жаңа Конституциясы күшіне енеді. Мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін қамтамасыз ететін конституциялық заңдар қабылданды. «ӘДІЛЕТ» партиясының ІІ съезінде партия төрағасы Айбек Дәдебай: “Біз бүгін Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің негізі қаланып жатқан тарихи сәтте бас қосып отырмыз.”-осы тарихи сәттің маңызын дәл сипаттады. Бұл сөздерде жай ғана саяси мәлімдеме емес, жаңа дәуірдің жауапкершілігін сезіну бар.
Өйткені жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес. Ол – жаңа қоғамдық келісімнің негізі. Ол – азамат пен мемлекеттің өзара жауапкершілігін қайта пайымдау. Ол – биліктің де, қоғамның да, партиялардың да жаңаша жұмыс істеуін талап ететін тарихи меже.
Айбек Дәдебай тағы бір маңызды ой айтты:
«Біз “Әділет” партиясын құрғанда қарапайым, бірақ қағидатты ұстанымға сүйендік: тұрақты даму әділетсіз мүмкін емес. Әділ ережелер жұмыс істейтін жерде сенім пайда болады». Бұл тұжырым бүгінгі заманның ең маңызды саяси-экономикалық аксиомаларының бірі деуге болады. Ия, Әділет жоқ жерде сенім болмайды. Сенім жоқ жерде инвестиция болмайды. Инвестиция жоқ жерде кәсіпкерлік дамымайды. Кәсіпкерлік дамымаған жерде жаңа жұмыс орындары ашылмайды. Ал жұмыс орны мен әділ мүмкіндік жоқ жерде қоғамдық тұрақтылықтың өзі ұзаққа созылмайды.
Сондықтан әділет – тек моральдық құндылық емес. Ол – экономикалық өсудің, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлттық қауіпсіздіктің де негізі.
Әлемдік тәжірибе мұны талай рет дәлелдеді. Жақында жұмыс сапарыммен барып келген Жапония да дәлел. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл ел күйреген экономикамен, қираған қалалармен, ауыр тарихи жарамен қалды. Табиғи ресурсы мол емес, аумағы шектеулі мемлекет еді. Бірақ Жапония қоғамды тәртіпке, білімге, еңбек мәдениетіне және институционалдық тұрақтылыққа жұмылдыра алды. 1955 жылы Либералдық-демократиялық партияның құрылуы да елдегі саяси күштердің ұзақ мерзімді ұлттық даму төңірегіне топтасуының көрінісі болды. Жапониядағы ЛДП-ның феномені бір партияның ұзақ уақыт билікте болуында ғана емес. Оның басты сабағы – партияның кадр даярлау мектебіне, аймақтармен тұрақты байланыс орнататын институтқа, ұзақ мерзімді даму стратегиясын қалыптастыратын саяси механизмге айналуында. Жапонияның экономикалық кереметі зауыттардан ғана емес, сенімнен, тәртіптен және институционалдық сабақтастықтан басталды.
Германия тәжірибесі де соны көрсетеді. Соғыстан кейін толық күйреген ел ең алдымен заң үстемдігін, федералдық жауапкершілікті, жергілікті өзін-өзі басқаруды, әлеуметтік нарықтық экономика қағидатын орнықтырды. Бүгінгі Германияның қуаты оның жер асты байлығында емес, институттарының сапасында, өндірістік мәдениетінде, партиялық жауапкершілігінде және заңға деген құрметінде жатыр.
Алғаш рет 2004 ші жылы жолым түскен Сингапурдың аралды құрғатып қала-мемлекет аумағын кеңейтіп жатқанына ерекше тамсанған едім. Табиғи ресурсы жоқ шағын арал мемлекеттен әлемдегі ең бәсекеге қабілетті орталықтардың біріне айналды. Оның табысының негізінде меритократия, жемқорлыққа төзбеушілік, ұзақ мерзімді жоспарлау және мемлекеттік аппараттың кәсібилігі тұрды. Сингапур көрсеткен басты сабақ мынау: аумағы шағын мемлекет те, егер ережесі әділ, институты тиімді, кадры сапалы болса, жаһандық деңгейдегі табысқа жете алады.
Малайзияның жолы да біз үшін ой саларлық. Өзім 2007 жылы сұқбат алу сәті түскен Махатхир Мохамад, ел басқарған жылдары индустрияландыруға, білімге, инфрақұрылымға, ұлттық өндірісті дамытуға күш салғанын баса айтқан еді. Малайзия шикізатқа ғана сүйенбей, өңдеу өнеркәсібі мен адами капиталды дамыту арқылы жаңа экономикалық модель қалыптастыруға ұмтылды. Бұл тәжірибенің де түйіні анық: даму үшін саяси ерік, тәртіп, ұзақ мерзімді бағдар және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын институттар қажет.
Осы елдердің барлығын біріктіретін ортақ заңдылық бар. Олар дамуды кездейсоқ табысқа емес, әділ ереже мен сенімге құрды. Бүгінгі Қазақстан да дәл осындай тарихи таңдаудың алдында тұр.
Айбек Дәдебай съезде: «Бүгінгі қоғамдағы әділдікке деген сұраныс ерекше жоғары. Азаматтар ұран сөздерді емес, нақты нәтижелерді күтеді», – деді. Бұл – бүгінгі қоғамдық көңіл-күйдің өте дәл сипаттамасы.
Қазіргі азамат бұрынғыдан әлдеқайда сергек. Ол ақпаратты тез алады, салыстырады, талдайды, сұрақ қояды. Ол партияларды да, Парламентті де, Үкіметті де айтқан сөзімен емес, нақты ісімен бағалайды. Жол салынды ма? Мектеп сапасы жақсарды ма? Медицина қолжетімді болды ма? Кәсіпкердің құқығы қорғалды ма? Заң бәріне бірдей жұмыс істей ме? Міне, бүгінгі саясаттың нақты өлшемдері осылар.
Сенатор ретінде үш жылдық қызметте мен үшін заң шығармашылығының басты мәні де осы екенін сезіндім. Парламент қабылдаған заңдардың саны маңызды, бірақ одан да маңыздысы – сол заңдардың азамат өміріне нақты әсері.
Парламенттің VIII шақырылымы жұмыс істеген кезеңде 400 ден аса заң жобасы түсіп, оның 300 аса заңы Сенатта қаралып, 280 жуығы заңға айналды.Әр заң жобалары бойынша мыңдаған өзгеріс пен толықтырулар енгізілді. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – Парламенттің соңғы жылдардағы заңнамалық жұмысының ауқымын көрсететін дерек.
Бірақ менің сенаторлық ұстанымым мынадай: заң қабылдау – жұмыстың басы ғана. Ең бастысы – оның орындалуы.
Заң өмірге енбесе, ол қағаз жүзіндегі ниет болып қалады. Заң азаматтың құқығын қорғамаса, оның саяси құны төмендейді.
Заң өңірдегі нақты мәселені шешпесе, қоғамның сенімі әлсірейді.
Сондықтан жаңа саяси кезеңде Парламенттің де, партиялардың да, мемлекеттік органдардың да ортақ міндеті – қабылданған заңдардың орындалуына жүйелі мониторинг жасау. Әсіресе әлеуметтік сала, өңірлік даму, кәсіпкерлікті қорғау, білім, медицина, цифрландыру, су және энергетика қауіпсіздігі бойынша қабылданған нормалардың нақты нәтижесін бағалау қажет.
Партия жұмысы да осы өлшеммен бағалануы тиіс. Партияның күші оның мүшелерінің санымен ғана өлшенбейді.
Партияның күші оның өңірлердегі беделімен, азаматтың мәселесін шешу қабілетімен, кәсіби кадр даярлауымен, заң шығару үдерісіне қосқан нақты үлесімен өлшенеді.
AMANAT осы жылдары үлкен ұйымдық мектептен өтті. Оның өңірлік желісі, Парламенттегі тәжірибесі, мемлекеттік реформаларға қатысуы, кадрлық әлеуеті – елдің саяси өміріндегі маңызды капитал. Енді осы капитал «ӘДІЛЕТ» партиясының жаңа миссиясымен тоғысатынына сенім зор.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың AMANAT партиясына алғыс білдіруі де осы сабақтастықты көрсетеді. Мемлекет басшысы партия мүшелерінің «ӘДІЛЕТ» құрамында Отан игілігі жолындағы белсенді әрі нәтижелі қызметін жалғастыратынына сенім білдірді. Бұл жерде үлкен саяси мән бар.
Әңгіме бір партияның тарихының аяқталуы туралы емес. Әңгіме сол тәжірибенің жаңа сапада жалғасуы туралы.
Айбек Дәдебай съезде: «Көптеген мемлекеттерде саяси бәсеке қоғамдағы алауыздықтың, қарама-қайшылықтың және өзара сенімсіздіктің көзіне айналып жатады. Қазақстан басқа жолды таңдады. Біз елдің стратегиялық мақсаттары ұлттық мүдде жолында күш-жігерді біріктіруді талап етеді деп есептейміз», – деді. Бұл – бүгінгі әлем үшін өте өзекті ой. Шынында да, көптеген елдерде партиялық бәсеке қоғамды біріктіруден гөрі бөлудің құралына айналып барады. Әр партия өз жақтастарын қарсы тарапқа қарсы жұмылдырады. Қоғам поляризацияланады. Мемлекеттік шешімдердің өзі саяси текетірестің құрбанына айналады.
Қазақстан мұндай жолға түспеуі керек. Бізге бәсеке керек. Бірақ ол елді ыдырататын емес, ойды байытатын бәсеке болуы тиіс. Бізге пікір алуандығы керек. Бірақ ол мемлекетті әлсірететін емес, шешім сапасын арттыратын пікір алуандығы болғаны жөн. Ел дамуы жолында партиялар керек. Бірақ олар тар мүдденің емес, ұлттық жауапкершіліктің институты болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда AMANAT партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылуы туралы шешімнің мәні ерекше.
«“AMANAT” партиясының “ӘДІЛЕТ” партиясына қосылуы – тар партиялық мүддеден жоғары тұрған, ұлттық жауапкершілікке негізделген парасатты шешім», – деп Айбек Дәдебайдың айтуы, бүгінгі өзгерістің саяси философиясын дәл ашады. Өйткені кейде ел тарихында ұйымдық есептен ұлттық мүдде биік тұратын сәттер болады. Кейде саяси күштердің өзара бәсекесінен гөрі елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен дамуы маңыздырақ болады. Кейде партиялар өз болашағын емес, мемлекеттің болашағын ойлауы керек. Мемлекетшілдік дегеніміз – дәл осы.
Жаңа «ӘДІЛЕТ» партиясының алдында үлкен міндет тұр. Ол Президент реформаларының саяси тірегі болумен шектелмеуі керек. Ол қоғам сенімінің тірегіне айналуы тиіс. Яғни Астана төрінде ғана емес, өңірлерге жақын болып, заң шығару жұмысына мазмұн қосуы керек.
Ол жастарды, әйелдерді, кәсіби мамандарды, ауылдағы белсенді азаматтарды, кәсіпкерлерді, ғалымдарды, мұғалімдер мен дәрігерлерді саяси үдерістерге тартуы маңызды. Яғни партиялық мінберді қоғамдық диалог алаңына айналдыру. Сонда ғана бұл бірігу тарихи оқиға ретінде ғана емес, нақты саяси жаңғыру ретінде бағаланады.
Бүгінгі Қазақстанға жаңа саяси мәдениет қажет. Сөзден іске көшетін мәдениет. Ұраннан нәтижеге өтетін мәдениет. Билікке жақын болуды емес, халыққа пайдалы болуды өлшем ететін мәдениет.
Заң қабылдаумен шектелмей, оның орындалуын сұрайтын мәдениет. Өзгені сынаумен ғана емес, жауапкершілікті бірге көтерумен ерекшеленетін мәдениет.
Жаңа Конституция бастайтын дәуірдің басты талабы да осы.
Әділет арқылы сенімді нығайту. Сенім арқылы мемлекетті күшейту. Мемлекетті күшейту арқылы ұлттың болашағын қамтамасыз ету.
Тарих бізге талай рет дәлелдеген ақиқат: мемлекеттердің болашағын партиялардың саны емес, олардың сапасы айқындайды. Заңдардың көптігі емес, олардың әділ орындалуы айқындайды. Экономиканың көлемі емес, қоғамдағы сенімнің беріктігі айқындайды. Ал сенімнің ең берік іргетасы әрқашан әділет болып қала береді.
Bibigul Zhexenbay  facebook парақшасынан