«Встать! Міржақыптың қызы төрде отыру керек!»

Гүлнәр Міржақыпқызы тоқсаннан асып қайтыс болды. Кішкентай кезінде Әлихан мен Ахметтің тізесінде отырған апамыз ғой. «Ақаңдікі» деп әндер айтып отыратын. Мағжанның бүкіл өлеңін жатқа біледі. Сол кісі «Алаштың сөнбес жұлдыздары» деген кітабында қайныағасы Бауыржан Момышұлына қатысты 1964 жылы болған мынадай әңгіме айтады.
Бауыржан Момышұлы сол кезде Жазушылар одағынан сыйлық алыпты. Соның құрметіне банкет өткізіп, осы шараға Гүлнәрді шақырады. Ал бұл кісінің күйеуі қайтыс болған. Соған қарамастан қаралы отырған келініне «кел» деп бұйрық береді. Бармайын десе, қайныағасынан қорқады. Сөйтіп жүріп, кешігіп жетеді. Келсе, бәрі отыр екен. Бауыржан Момышұлы қасындағыларды «Встать!» деп тұрғызып жіберіп, Гүлнәр Міржақыпқызын оң жағына отырғызыпты. Сол жерде жүрген Әнуар Әлімжанов, Әди Шәріпов секілді дөкейлердің бірі үндемеген. Сонда Бауыржан:
«Мына кісі кім? Білесіңдер ме? «Оян, қазақ!» деген өлеңді білмегендей отырсыңдар. Сол Міржақыптың жалғыз қызы. Төрде сендер емес, осы отыру керек», – депті. Жалпы Бауыржан Момышұлы Гүлнәрді құрметтеген.
Үйіне барып, «әкеңнің өлеңі» деп қайбір жерден жазып алғанын әкеп беріп жүретін болған.
«Еңсеңді көтер. Халық жауының қызы емессің. Бүкіл қазаққа ұран болған Міржақыптың қызысың. Ертең тәуелсіздік келгенде, бұлар басына көтеретін Міржақыптың қызы ретінде бетің жарық болуы үшін әкеңнің шығармаларын қазірден бастап жазып, жинай бер», – дейді екен.
Гүлнәр апамыз бұл жайлы «аға осындай сөздер айтты» деп, көз жасын төгіп әңгімелеп берген еді.
Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымының докторы, алаштанушы, профессор.