ПРЕЗИДЕНТ БЕС ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Оңды реформалар «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын іске асырып, мемлекеттік басқару жүйесіне жаңалықтардың жүзеге асырылуына септігін тигізеді. Мемлекет басшысы бүгін маңызды Конституциялық бес заңға қол қойды.
1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң.
Заң Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, қызметін қамтамасыз ету тәртібін және Вице-Президенттің құқықтық жағдайын айқындайды. Заңның негізгі жаңалығы – Вице-Президент институтының енгізілуі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің мүддесін білдіреді және Президент айқындаған өзге де функцияларды орындайды.
2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң.
Конституциялық заң Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметін, заң шығару процесін және оның өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, сондай-ақ депутаттардың құқықтық мәртебесін белгілейді.Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган.Құрылтай партиялық тізімдер бойынша сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.
Заңда Құрылтайдың кең ауқымды өкілеттіктері белгіленген. Атап айтқанда, Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру; Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау және қызметінен босату; Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларының қол сұғылмаушылығынан айыру; Президент сайлауын тағайындау; Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекіту сияқты өкілеттіктер қарастырылған.
3. «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң
Конституциялық заң Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, құрылу тәртібін, құрамын қалыптастыру және қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайды. Қазақстан Халық Кеңесі – жоғары консультативтік орган. Ол жалпыұлттық диалогты қамтамасыз ету және азаматтық қоғамның елдің ішкі саясатын қалыптастыруға қатысуы мақсатында құрылады. Кеңес заңнамалық бастама көтеру және жалпыұлттық референдум өткізуді ұсыну құқығын қоса алғанда, кең ауқымды өкілеттіктерге ие. Кеңестің құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарынан тепе-теңдік қағидаты негізінде қалыптастырылады: этномәдени бірлестіктерден – 42 адам, қоғамдық бірлестіктерден – 42 адам, сондай-ақ астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен – 42 адам. Құрамы Президенттің бекітуімен айқындалады. Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын Төраға басқарады. Кеңестің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.
4. «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң
Конституциялық заң астананың жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды. Құжатта мәслихаттың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және қала әкімінің басшылығымен жұмыс істейтін жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты ажыратылған. Заң қаладағы бірыңғай сәулеттік келбет пен дизайн-кодқа қойылатын міндетті талаптарды белгілейді, сондай-ақ астананың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық дамуын жүзеге асыратын ведомстволық ұйымдардың өкілеттіктерін бекітеді.
5. «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» Конституциялық заң
Конституциялық заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу мен өзгерту, есепке алу және тіркеу, атау беру және қайта атау тәртібін айқындайды. Әкімшілік-аумақтық құрылыс саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумақтық ұйымдастырылуын ұтымды қалыптастыру.
Аталған конституциялық заңдар Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін күшейтуге мүмкіндік береді. Президент, Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі арасындағы өкілеттіктердің нақтылануы шешім қабылдау үдерісін ашық әрі тиімді етеді, ал азаматтық қоғам өкілдерінің саясат қалыптастыруға қатысуы халықтың пікірін ескеруге жол ашады. Сонымен қатар, Астананың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты заңдар өңірлерді басқаруды жетілдіріп, инфрақұрылымдық дамуды жүйелі ұйымдастыруға көмектеседі. Нәтижесінде мемлекет институттарының жауапкершілігі артып, елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімін нығайтуға жағдай жасалады.
Халық үніне құлақ асатын мемлекетті нығайтатын халықтық сипатқа ие жаңа Конституцияға негізделіп заңдар жаңартылып жатыр. Барлығы да ел игілігіне жарамды.