Лимоннан лимонад жасаған Сұлтанғазиев. Есептей алатын басшысы болса, халқының есебі түгел болады екен
Бүгін Президент Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі мен көрсеткіштерін өте жоғары бағалады. Ол қаржыгер әкім болғандықтан, салынған әр тиынның экономикаға кемінде төрт тиын болып жұмыс істеуін алдын-ала ойластыра алады. Осының арқасында, Алматы облысы тек қана өзі дамып қоймай, бүкіл Қазақстан Республикасының экономикасын локомотив секілді алға сүйреп келе жатыр. Марат Елеусізұлы өз жұмысында ROA, ROE, яғни активтер мен капиталдың рентабельділігі деген көрсеткіштерді қолданып жүрген жалғыз әкім. Мысалы ол өңірді ең алдымен қаржы, салық, инвестиция және экономикалық тәртіп логикасымен қарайды. Сондықтан да оның Алматы облысындағы жұмысына баға бергенде тек ашылған жұмыс орны, жол, құрылыс, әлеуметтік нысанмен шектелу дұрыс емес. Сұлтанғазиевтің басты ерекшелігі облыстың экономикалық базасын кеңейтуге, кіріс көздерін көбейтуге және өңірді ірі қаржы-экономикалық кеңістікке айналдыруға басымдық беруінде.
Мемлекет басшысының аузынан шыққан мұндай баға әкім жұмысына берілген саяси сенім капиталы екені түсінікті. Ал ол қайдан пайда болды?
Алматы облысы өте күрделі өңір. Бір жағынан, ол Алматы агломерациясының қысымын көтеріп отыр. Екінші жағынан, елдегі ең ірі тұтыну нарықтарының бірімен шектеседі. Үшінші жағынан, мұнда ауыл шаруашылығы, логистика, өнеркәсіп, туризм, құрылыс, сауда және жаңа урбанистикалық жобалар қатар дамуы тиіс. Осындай өңірді басқару үшін тек әкімшілік ресурс жеткіліксіз. Мұнда қаржылық ойлау, салықтық база қалыптастыру, инвестормен жұмыс істеу және ұзақ мерзімді экономикалық жоспарлау қажет. Өткен жылы Алматы облысы тарихи межені бағындырып, мемлекеттік бюджетке түсірген салық түсімі 1 триллион теңгеден асып, 1,1 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде республикалық бюджетке 491 млрд теңге, жергілікті бюджетке 629 млрд теңге берді.
Сұлтанғазиев облыстағы бизнесті көлеңкеден шығарып, түсінікті ойын ережесін қалыптастырды. Алматы облысының салықтық құрылымына қарасақ, жалпы түсімнің 60 пайызы немесе 673 млрд теңгесі ірі бизнестен келген. Соның ішінде Philip Morris Kazakhstan және JTI Kazakhstan секілді екі ірі темекі компаниясынан 380 млрд теңге көлемінде ірі түсім алынған. Облыс бүкіл Орталық Азияның темекі нарығын өз қолында ұстап отыр. Ірі бизнестен шағын бизнес те қала қоймады. Шағын және орта бизнестен 342 млрд теңге салық жиналды. Бұл жалпы түсімнің 31 пайызы. Яғни, Алматы облысында тек ірі өндірістер ғана емес, шағын және орта кәсіпкерлік те бюджет қалыптастыратын нақты күшке айналып келеді.
Қаржыгер әкімнің қолтаңбасы көрінетіні де осы тұс. Өйткені кез келген өңірдің нақты қуаты оның бюджетке қанша кіріс бере алатынымен өлшенеді. Дотацияға қарап отырған аймақ пен өз кірісін өсіріп отырған аймақтың даму логикасы екі бөлек. Алматы облысы қазір екінші модельге қарай жылжып келеді. Биылғы болжам да оптимистік. Қазіргі жылдың өзінде бюджетке 547 млрд теңге қамтамасыз етілген. Жыл қорытындысы бойынша түсім шамамен 1,4 трлн теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 235 млрд теңгеге көп. Өсу қарқыны 121 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Егер бұл көрсеткіш орындалса, Алматы облысы екінші жыл қатарынан өзінің тарихи рекордын жаңартады. Ал бұл өңірдің экономикалық моделі кездейсоқ өсімге емес, жүйелі фискалдық базаға сүйене бастағанын білдіреді.
Президент атап өткен жалпы экономикалық көрсеткіштер де осыны дәлелдеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 6,7 трлн теңгеге жетіп, 5,4 пайызға өскен. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысында өңір қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша республикада бесінші орынға шықты. Инвестиция бағыты да күшейіп отыр. Жыл басынан бері өңір экономикасына 266,2 млрд теңге инвестиция салынған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 млрд теңгеге жетті. Облыс тек ауыл шаруашылығына сүйеніп қалмай, өнеркәсіптік және инвестициялық база қалыптастыруда.
Ең бастысы, өңір өзін тек Алматының айналасындағы аймақ ретінде емес, ел экономикасының дербес драйвері ретінде көрсете бастады. Қазақстанда жақсы әкім жол салады, мектеп ашады, әлеуметтік мәселені шешеді. Ал қаржыгер әкім солардың бәріне тұрақты ресурс табатын жүйе құрады. Марат Сұлтанғазиевтің Алматы облысындағы жұмысы дәл осы тұрғыдан бағалануы керек. Ол өңірді бюджеттік тәуелділіктен экономикалық дербестікке, әкімшілік басқарудан қаржы-экономикалық жоспарлауға, қарапайым облыстық күн тәртібінен ірі инвестициялық кеңістікке қарай бұрып отыр. Сөзсіз, оны Қасым-Жомарт Кемелұлы да анық байқады.

