ТІЛ МЕН КӨЗ

Әжем марқұм айтып отырушы еді, «тіл мен көз деген жаман балам, ол адамды алып ұрады. Сақтанып жүру керек» деп.
Оған кезінде мән бердік пе?
Шындығында тіл мен көз тию бар. Шариғатта расталған дүние. Мұхаммед пайғамбардың «Көз тию хақ» деген хадисі сахих.
Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтанып қараған кезде, оның ауырып қалғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар «Адамның бойынан жақсы бір қасиетті көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар» деген», — екен.
Сұқтаныңдар демеген…
«Біздің бала кезімізде Торғай өңірінде көзі өткір бір кісі болыпты» деп бастайтын әжем әңгімесін. «Сұсты екен өзі. Ештеңеге сұқтана қарамауға тырысады. Ал сұқтанды ма, жануар да, адам да жалп етіп құлайды – мыс.
Өзінің көзінен қорыққандықтан үнемі жерге қарап жүретін болыпты. Адамға тіктеп қарамайды. Сәбиге мүлде жоламайды.
Сол кісі бірде үлкен асқа барыпты. Сыңғырлаған әнші қыздың дауысына тәнті болып шыдай алмай «Мына керемет әнші кімнің қызы болды екен» деп сұқтанып қарап қалады.
Содан әлгі қыз сырқаттанып, кейін дауысынан айырылып, үні мүлде шықпай қалған көрінеді. Осы оқиғадан кейін әлгі кісі үйінен шықпай, шақырған жерге бармай дүниеден өтіпті» дейтін.
Бәлкім аңыз, бәлкім шындық.
Бұл жерде айтқым келгені, ел болғасын, жұрт болғасын түрлі адамдардың кездесуі әбден мүмкін. Біреудің көзі, біреудің тілі өткір дегендей.
Жалпы ел алдында жүрген азаматтар тіл мен көзден сақтанып жүргендері дұрыс.
Бір кездері жасындай жарқ еткен Бекзаттың да ғұмыры тым қысқа болды ғой.
Мәдина Ералиева апамыз да жарқ етті де, жоғалды. Көп қой айта берсек!
Мысалы, ақын Иса Байзақовтың «Қаралай сұлуында» «бір тойда дуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» дейтін өлең жолдары кездеседі.
Ал Кенесары туралы жазылған бір шығармада «кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда өтті зәрі» деп жазылғанын кездестіреміз.
Тіл-көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі. Қазақ жақсы адамға, сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті, адамның дәулеті мен атақ-абыройына да көз тиюі мүмкін деп ойлайды.
«Тіл-сұқ тас жарады» деген сөз осыдан шықса керек.
Құранның 62-аяты, «Жүсіп» сүресінде Жақып пайғамбар балаларына «Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер» деген өсиет айтқан екен.
«Мұны тәпсір ғалымдар «Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде «балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін» деген ниетпен пайғамбар солай айтқан» деп түсіндіреді.
Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұға оқуы керек. Мысалы, үйден шыққан кезде «Аят әл-курси», «Фатиха», «Фәләқ», «Нас» сүрелерін оқуы шарт. Бұл сүрелерді ішінен оқып жүрсе, адамға тіл-көз тимейді деген Мұхаммед пайғамбардың хадистері барын естен шығармайық.
Нағашыбай Қабылбек ФБ парақшасынан алынды