ҮКІМЕТ НАЗАРЫНДАҒЫ АВИАЦИЯ

Үкімет (1)

 

Елімізде авиация саласын жаңғырту мен цифрландыру мәселесі мемлекеттік деңгейде қайтадан күн тәртібіне шықты. Жуырда Үкімет отырысында саладағы өзекті мәселелер қаралып, әуе қатынастарының сапасын арттыру, рейстердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу бағытындағы жұмыстар талқыланды. Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов авиация саласын дамытуға мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңарту, әуежайлардың техникалық мүмкіндігін арттыру, халықаралық және ішкі бағыттарды кеңейту, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу – саланың бәсекеге қабілетін күшейтетін негізгі факторлар. Сонымен қатар Премьер-министр Көлік министрлігіне Астанадан қатынайтын әуе рейстерінің уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұл мәселе әсіресе жолаушылар қауіпсіздігі мен қызмет сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі ретінде көтерілді. Өйткені рейстердің кешігуі мен ұйымдастырудағы олқылықтар қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Бұл – туризмнің дамуына, өңіраралық байланыстың нығаюына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және ел экономикасының жалпы өсіміне ықпал ететін стратегиялық сала. Сондықтан цифрландыру, сервисті халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері алдағы кезеңде де басты назарда болмақ. Төменде біз елімізде авиация саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне, сондай-ақ Үкімет отырысында баяндама жасаған сала басшылары мен жауапты тұлғалардың пікірлеріне сүйене отырып, саланың бүгінгі ахуалы мен болашағына сараптамалық тұрғыда талдау жасап көруге тырыстық.

 

ӘУЕЖОЛЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

 

Еліміз тоғыз өзеннің түйісінде, тоғыз жолдың мүйісінде, Еуропа мен Азияны әуе жолы арқылы тұтастыырп тұр. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, жаһандық логистикалық хабқа айналуына жол ашып отыр. Әлбетте, бұл көлік қатынасы ғана емес, экономиканың көптеген саласына серпін беретін мүмкіндік. Сондықтан да еліміздегі инфрақұрылымды, сервисті және техникалық әлеуетті заман талабына сай дамытсақ, халықаралық тасымал көлемін ұлғайтып қана қоймай, туризм, сауда, инвестиция және қызмет көрсету салаларын да жаңа деңгейге көтеретініміз анық.

Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке  Қазақстанды жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет жүктеген болатын. Міне осы тапсырманы орындау аясында Премьер-министр Олжас Бектенов биыл Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар  облыстарында жаңа төрт әуежайды (Катонқарағай, Зайсан, Кендірлі, Арқалық әуежайларын) уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.

ТОКИО МЕН НЬЮ-ЙОРК ЕНДІ ЖАҚЫН…

Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін Астанадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер ашуды тапсырды.

«Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны   жылына 12 миллиардтан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі   2034-ші жылға қарай екі есеге артады. Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа   рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы   бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын   халықаралық әуе бағыттарына   ерекше назар аударған жөн», деді Олжас Бектенов.

Оның сөзінше, Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін   елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке,   ал 2027 жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастаы ашылмақ.

ІШКІ РЕЙСТЕР СУБСИДИЯЛАНАДЫ

 

Ал, ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жыл соңына дейін Қазақстанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп авиация саласын 2050 жылға дейін дамытудың Мастер-жоспары әзірленіп жатқанын айтады.

«2026 жылдың алғашқы 4 айында отандық әуе компаниялары 4,6 млн жолаушы тасымалдады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 15,4 млн), өңделген жүк көлемі шамамен 50 мың тоннаны құрады (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 173,3 мың тонна), еліміздің әуежайлары 9 млн жолаушыға қызмет көрсетті  (2025 жылдың қорытындысы бойынша – 31,8 млн). Бұдан бөлек, биыл жалпы қаржыландыру көлемі 6,4 млрд теңгені құрайтын 24 әлеуметтік маңызы бар бағыт субсидияланады. Ішкі маршруттық желінің дамуына туристік бағыттардың (Үржар–Алматы, Үржар–Астана, Үшарал–Астана, Үшарал–Алматы, Балқаш–Алматы, Балқаш–Астана) іске қосылуы қосымша серпін береді» деді ол.

Жалпы жыл басынан бері қазақстандық әуе компанияларының паркі 3 ұшақпен толыққан. Бүгінгі таңда әуе кемелерінің  111 паркі бар. Жыл соңына дейін тағы 6 әуе кемесі келеді деп күтілуде, 2040 жылға қарай отандық әуе компаниялары әуе флотын 2,5 есеге (261 әуе кемесіне дейін) ұлғайтылмақ. Астана және Шымкент қалаларында екі ұшу-қону жолағы бойынша жобаларды іске асыру, сондай-ақ елдің 5 әуежайын (Алматы, Атырау, Үржар (терминал), Павлодар (ұшу-қону жолағы), Ақтау (перрон) жаңғырту көзделген. Кешенді жаңғыртуды қажет ететін барлық жобаларды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, аэрохабтарды қалыптастырудың жеке бағыты әуежайларды дамыту үшін институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасау болып табылады. Алты әуежайдың (Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды және Шымкент) функционалдық мамандануын ескере отырып, экономикалық қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту көзделеді. Бұл ретте әуежай инфрақұрылымын жаңғыртудың айтарлықтай бөлігі жеке инвестицияларды тарта отырып жүзеге асырылмақ.

Тіпті, бұл бойынша Түркия Республикасы Президентінің осы жолғы сапары барысында Алматы әуежайын жаңғырту бойынша 190 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімге қол да қойылған.

ЖАНАРМАЙЫ ӨЗ ЕЛІМІЗДЕН…

Соңғы бес жылда еліміз арқылы өтетін транзиттік ұшулар саны төрт есе артқан. Қазір аэронавигациялық қызметтен түсетін табыстың басым бөлігі дәл осы транзиттік рейстердің есебінен қалыптасып отыр. Бұл Қазақстанның халықаралық әуе дәлізіндегі маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.Сонымен қатар авиаотын бағасын тұрақты ұстап тұру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Үкіметтің қолдауының арқасында “КазМунайГаз-Аэро” арқылы сатылатын авиаотын өңірдегі ең тиімді бағалардың бірі болып отыр. Отандық әуе компаниялары мұнай өңдеу зауыттарынан жанармайды тікелей алу мүмкіндігіне ие болған. Соның нәтижесінде Қазақстанға жанармай құю үшін қонатын транзиттік рейстер саны 16 пайыздан астам өскен. Бұл да еліміздің транзиттік әлеуетінің артып келе жатқанын аңғартады. Бұдан бөлек, мемлекет шағын авиацияны дамытуға да басымдық беріп отыр. Әуе техникасын сертификаттау құны екі есеге жуық арзандатылған. Сақтандыру жүйесі жаңартылып жатыр. Сондай-ақ туристік ұшуларды дамыту, азаматтық авиацияға әскери ұшқыштардың келуін жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ішкі әуе қатынасын кеңейтіп, туризм саласына да оң әсер етеді. Қазіргі таңда әлемде қарқынды дамып келе жатқан Urban Air Mobility, яғни қалалық әуе көлігі жүйесін қалыптастыру бойынша да жұмыстар басталған. Бұл – болашақта әуе таксиі секілді жаңа технологияларды енгізуге жол ашатын маңызды қадамдардың бірі.

ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАРҚЫНДЫ

Астана мен Алматы әуежайларында орнатылған Q-Gate жүйелері жолаушылардың шекаралық бақылаудан өту уақытын 50 секундқа дейін қысқартқан. Енді мұндай жүйелер Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау әуежайларында да іске қосылмақ. Алдағы уақытта ішкі рейстерде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПСІЗ

 

Бүгінде Қазақстан азаматтық авиация саласында қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда еліміз әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7 пайызға жетсе, отандық авиакомпаниялардың қауіпсіздік көрсеткіші 82 пайызды құрайды. Бұл – халықаралық талаптарға сай келетін жоғары деңгейдегі көрсеткіш. Осындай жетістіктердің арқасында Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ICAO бағалауы бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді. Бұл көрсеткіштер еліміздің авиация саласына деген сенімнің артып келе жатқанын аңғартады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуе компаниялары 15 миллион жолаушы тасымалдаған. Ал ел әуежайлары арқылы 32 миллион адамға қызмет көрсетіліп, 173 мың тонна жүк өңделген. Бұл – әуе тасымалына деген сұраныстың жылдан-жылға өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жылдың алғашқы төрт айында ішкі рейстер арқылы 4 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Яғни, халықтың әуе көлігіне деген сұранысы тұрақты деңгейде қалып отыр. Бұл бір жағынан ішкі туризмнің дамуын көрсетсе, екінші жағынан өңірлер арасындағы байланыстың күшейіп келе жатқанын білдіреді.

АЭРОТАКСИ ЖӘНЕ БИОМЕТРИЯ

Елімізде жаңа аэротакси сегментін дамыту шеңберінде отандық компаниялар пилотсыз сынақ ұшақтарын сатып алуда, сондай-ақ қону алаңдары мен операциялық орталықтың құрылысын бастады. Бұдан басқа, әуежайларда Q-Gate цифрлық жүйесі кең ауқымда енгізіліп, бақылау уақыты 3 минуттан 50 секундқа дейін қысқарады: биыл Астана мен Алматыдағы 16 терминалға Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларындағы тағы 16 терминал қосылады. Келесі қадам – Астана–Шымкент бағыты бойынша ішкі рейстерде биометрияны енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

«Цифрлық технологиялар жүк сегментінде де қарқынды енгізілуде. E-Freight ақпараттық жүйесін іске қосу процестерді электрондық форматқа толығымен ауыстыруға және авиажүктерді өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді», дейді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Сондай-ақ, оның айтуынша Астанадан әлемнің түрлі елдеріне 34 халықаралық әуе бағыты бойынша рейстер қатынайды. Жыл соңына дейін тағы 5 бағыт ашу жоспарлануда. Токиомен тікелей әуе қатынасын іске қосу осы жылдың IV тоқсанында, АҚШ-пен тікелей рейстерді ашу келесі жылдың II тоқсанына жоспарланған.

КАДР ДАЯРЛАУ БОЙЫНША ГРАНТТАР АРТТЫ

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы авиахабтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты салада жоғары білікті мамандарға сұраныс өсіп отыр. Бұл сала бойынша соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артқан. Егер 2022–2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025–2026 оқу жылына 618 грант қарастырылған.

«Егер 2022 жылы Академияда 1 438 студент білім алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 478 адамға жеткен. Яғни соңғы төрт жылда өсім 72%-дан асты. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол 90%-ға жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етуде», дейді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Қазақстандық авиатасымалдаушы 16 жаңа бағытты іске қосуды жоспарлап отыр Ал, Air Astana әуекомпаниясы әуе кемелерінің паркін ұлғайтуда. Air Astana 2025 жылы халықаралық ұзақ қашықтықтағы бағыттарда өткізу қабілетін 14%-ға арттырған, осылайша жолаушылар саны 8%-ға өскен.

«2025 жылы біз автопаркімізді 57-ден 62-ге, ал 2026 жылы 67-ге дейін арттырдық. Біз амбициялы өсу жоспарларымызды қолдау үшін 50-ге дейін Airbus және 15 Boeing ұшағына тапсырыс бердік», дейді «Эйр Астана» компаниялар тобының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел.

Сондай-ақ, ол 2025 жылы компания 25 жаңа маршрутты іске қосқанын және биыл тағы 16 жаңа маршрутты ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Әуежайдағы  ЖИ

Қазақстанда IATA e-Freight халықаралық стандарты бойынша авиациялық жүк логистикасын цифрландыру шеңберінде ЖИ құралдарын енгізу жоспарлануда. Процестерді цифрландыру коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізуді бірнеше рет жылдамдатуға мүмкіндік береді, ол процедура уақытын 30 минуттан бірнеше секундқа дейін қысқартады.

Бүгінгі таңда e-Freight бірыңғай платформасына Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 авиатасымалдаушысы қосылған. Жүйе Азаматтық авиация комитетіне, Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне және ҰҚК Шекара қызметіне жүк ағынының толассыз мониторингі мен талдауын жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба шеңберінде ветеринариялық бақылау бөлігін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау толығымен аяқталды. Бұл ішкі жүк тасымалын электрондық авиа жүк құжаттарына ауыстыруға мүмкіндік берді. Қазір мұндай жұмыстар халықаралық бағыттар бойынша жүргізілуде – KEDEN кедендік ресімдеу жүйесімен интеграция аяқталуда, ол арқылы тауарлар мен жүктердің келу фактілері туралы алдын ала деректер электрондық форматқа ауыстырылады.

«Келесі қадам – электрондық авиа жүк құжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжаттар ретінде тану. Мұнда Қаржы министрлігінің көмегі керек. Бұл авиациялық жүктерді қағазсыз және автоматтандырылған түрде толықтай кедендік ресімдеу үшін жағдай туғызады, халықаралық логистиканы жеделдетеді және Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады», деді TransInfoTech компаниясының бас директоры Мәлік Бердіғалиев.

ІШКІ РЕЙСТЕР ҚАШАН АЯҚТАЛАДЫ  

Маңғыстаудағы «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа әуежайдың құрылысы жүргізілуде. 599 гектар аумақты қамтитын нысан Қарақия ауданында Каспий теңізінің жағалауынан 13 км қашықтықта салынып жатыр. Бұл әуежай 2026 жылдың IV тоқсанында ашылады.

«Бірінші кезеңде Q-400, ATR және CRJ типті әуе кемелерін қабылдауға қабілетті 2200 метрлік ұшу-қону жолағы салынуда. Келесі кезеңде инфрақұрылым кеңейтіліп, Airbus A320 және Boeing 737 лайнерлерін қабылдау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Халықаралық және ішкі бағыттарды қоса алғанда, 9 жаңа авиабағдар ашу жоспарлануда», дейді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Ал, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан әуежайы бойынша дайындық деңгейі 76 пайызды құрайды. Әуеайлақ бөлігінің құрылысы толық көлемде аяқталды. Катонқарағай әуежайының дайындық деңгейі 55%-ды құрайды. Ұшу-қону жолағының асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, ғимараттар салу, инженерлік желілер жүргізу, автомобиль жолдарын және периметрлік қоршауды орнату жұмыстары жалғасуда. Жаңа әуежайлар бойынша бірінші кезеңде Өскемен, Алматы және Астана қалаларына ішкі әуе қатынасын ұйымдастыру, кейіннен халықаралық бағыттарды пысықтау жоспарланып отыр. Аталған іс-шараларды іске асыру жолаушылар ағынын жылына 100 мың жолаушыға арттыруға – 700 мыңнан 800 мың жолаушыға дейін, заманауи туристік инфрақұрылымды дамытуға, ішкі және сырттан келу туризм саласына инвестициялар тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

 

Елқуат ЕЛТӨРЕ