Түркі дүниесінің жүрегі саналатын қасиетті Түркістан тағы бір тағылымды тарихтың төріне айналды.

 
 Көне шаһарда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдердің ынтымағын нығайтып қана қоймай, Түркістанның халықаралық деңгейдегі беделін айқын көрсетті.
Бүгінгі таңда әлем күн сайын өзгеріп жатқан шақта, түбі бір түркі жұртының басшылары тарихи мекенде бас қосып, ортақ болашаққа қатысты жасанды интеллект, цифрлық технология және жаңа дәуірдің даму бағыттарын талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістанның түркі әлемі үшін айрықша орны бар екенін, қасиетті қаланың бүгінде руханият пен заманауи дамуды ұштастырған ірі орталыққа айналып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – барша түркістандық үшін үлкен мақтаныш.
Бүгінде шаһарымыз қарқынды дамып келеді. Жаңа нысандар бой көтеріп, инфрақұрылым жаңарып, инвестиция көлемі артып, әлем назарын өзіне аудартуда. Түркістан тек туристік немесе рухани орталық ретінде ғана емес, халықаралық бастамалар жүзеге асатын маңызды алаңға айналып келеді.
Саммит аясында цифрлық қауіпсіздік, ортақ IT кеңістік қалыптастыру, жас мамандарға арналған технологиялық жобаларды қолдау секілді маңызды ұсыныстар көтерілді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы мен түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын сақтау мәселесі сөз болып, Түркістан декларациясына қол қойылды. Бауырлас елдердің өзара сенімі мен ынтымақтастығы тағы бір мәрте бекіді. Бұл – Түркістанның тек Қазақстан үшін емес, күллі түркі әлемі үшін маңызы зор мекен екенін айшықтаған маңызды оқиға.
Президентіміздің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта да тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның абырой-беделі үшін адал еңбек еткен әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, коммуналдық қызмет жұмысшыларын, еріктілерді, сондай-ақ басқа да белсенділердің еңбегін жоғары бағалады.
Осындай абыройлы сәтте туған қаламыздың мерейін үстем етуге атсалысқан барша азаматтарға қала басшысы ретінде мен де шынайы алғысымды білдіремін. Қала тазалығынан бастап қауіпсіздікке дейін аянбай еңбек еткен әрбір жанның еңбегі құрметке лайық.
Түркістанымыздың мәртебесі артып, мерейі асқақтай берсін!
Әзімбек Пазылбекұлы ФБ парақшасынан