АТА ЖҰРТҚА АЙШЫҚТЫ САПАР

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары — қазақ-түрік қатынастарының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды тарихи оқиға. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің тек нығайып қана қоймай, мазмұндық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Қазақстан мен Түркияны бүгінде жай ғана дипломатиялық байланыстар емес, терең тарихи тамыр, ортақ рухани құндылықтар, мәдени жақындық және шынайы бауырластық біріктіреді. Кезінде Түркия Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш болып мойындаса, Қазақстан өзінің шетелдегі алғашқы Елшілігін дәл Анкарада ашқан болатын. Бұл қадамдар екі ел арасындағы сенім мен өзара құрметтің берік іргетасын қалады.
Соңғы жылдары жоғары деңгейдегі саяси байланыстардың тұрақты жалғасуы қазақ-түрік ынтымақтастығының ерекше қарқынын айқын көрсетіп отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған арасындағы тұрақты диалог екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын күшейте түсті. Астанада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы мен Түркістанда ұйымдастырылатын Түркі мемлекеттері ұйымы саммиті тек екі ел арасындағы байланысты емес, тұтас түркі әлемінің интеграциясын тереңдетуге бағытталған маңызды саяси қадамдарға айналмақ.
Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстар да соңғы жылдары сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Түркия бүгінде Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің біріне айналып, екіжақты тауар айналымы тұрақты өсім көрсетуде. Сауда көлемінің миллиардтаған долларға жетуі, инвестициялық жобалардың артуы және жаңа өндірістік кооперациялардың қалыптасуы екі ел экономикасының өзара толықтырушы сипатқа ие екенін дәлелдейді. Қазақстан экономикасына тартылған түрік инвестициясы миллиардтаған доллармен есептелсе, Қазақстан капиталы да Түркия нарығында белсенді жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен ондаған ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл тек статистикалық көрсеткіш емес, нақты өндірістер, жаңа жұмыс орындары, технология трансфері және ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізі.
Әсіресе көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы артып келеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе Орта дәліз бүгінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын ең перспективалы бағыттардың біріне айналды. Қазақстан мен Түркия осы бағытты дамыту арқылы жаһандық логистика картасындағы өз рөлін күшейтіп келеді. Соңғы жылдары жүк тасымалының бірнеше есе артуы, жеткізу мерзімінің қысқаруы және инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы — осының айқын дәлелі. Түркия бұл ретте Қазақстан үшін тек экономикалық серіктес емес, Еуропа нарығына шығатын маңызды стратегиялық көпір қызметін атқаруда.
Агроөнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ықпалдастық та ерекше назар аудартады. Мұнай-газ саласындағы бірлескен жобалар, «Баку – Тбилиси – Жейхан» бағыты арқылы энергетикалық әріптестіктің нығаюы, ауыл шаруашылығындағы технологиялық кооперация, медицина инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялар — мұның барлығы екі елдің ұзақмерзімді стратегиялық мүдделерінің тоғысқанын көрсетеді. Түрік серіктестерінің қатысуымен Қазақстанда заманауи ауруханалар мен медициналық орталықтардың салынуы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып отыр.
Қазақ-түрік қатынастарының ең басты ерекшелігі — оның тек саясат пен экономика аясымен шектелмеуінде. Екі халық арасындағы рухани және гуманитарлық байланыстар бұл серіктестіктің ең мықты тіректерінің бірі саналады. Түркиядағы Қазақстан тарихына қатысты ондаған мәдени нысандар, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын бірлесіп дәріптеу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қызметі және білім беру саласындағы жаңа жобалар — ортақ тарихи жады мен мәдени бірегейліктің нақты көрінісі. Қазақстанның 2023 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін Түркияға алғашқылардың бірі болып көмек көрсетуі, ал Түркияның пандемия кезеңінде Қазақстанға қолдау білдіруі екі ел арасындағы шынайы бауырластықтың нақты дәлеліне айналды. Газиантептегі Нұрдағы ауданында Қазақстан салған жаңа мектеп — жай ғана әлеуметтік нысан емес, қазақ пен түрік халықтарының достығы мен өзара қолдауының символы.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар дәстүрлі дипломатиялық байланыстар шеңберінен әлдеқайда асып түсті. Бұл — өзара сенімге, ортақ тарихи тамырға, стратегиялық мүддеге және бауырластыққа негізделген ерекше серіктестік. Қазіргі геосаяси жағдайда қазақ-түрік ықпалдастығы тек екі мемлекет үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемінің болашағы үшін маңызды факторға айналып отыр. Ал алдағы жоғары деңгейдегі кездесулер мен жаңа келісімдер бұл қатынастарды одан әрі тереңдетіп, мәңгілік достық пен мызғымас бауырластықтың нақты мазмұнын күшейте түсетіні анық.
Нұртөре Жүсіп ФБ парақшасынан алынды