Тұрғындар арасында турнир өтті

Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Нұра ауданының тұрғындары арасында зияткерлік спортты дәріптейтін шахмат турнирі өтті.
Нұра ауданының «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің алаңында өткен бұл турнирге ересектер, жастар және жасөспірімдер қатысып, өзара бақ сынады. Жалпы жарыс үш санат бойынша өткізіліп, әр топта қатысушылар бірнеше турдан ойнап, өз шеберліктерін көрсетті.

Шахмат турнирінің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында қоғамдағы достық пен өзара сыйластықты нығайту, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ зияткерлік спортты дамыту. Ал, қатысушылар ойын барысында тек логикалық қабілеттерін ғана емес, төзімділік пен стратегиялық ойлау дағдыларын да паш етті.

«Бұл турнир шахмат жарысынан ғана тұрмайды, бұл жалпы осы аулада тұратын тұрғындардың бірлігі мен татулығының көрінісі. Себебі елдегі татулық пен келісімді нығайтуды мақсат еткен мереке аясында ұйымдастырылған бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, түрлі жастағы тұрғындардың басын қосқан рухани алаң болды.
Олай дейтінім мұнда әртүрлі жастағы тұрғындардың бір алаңда бас қосып, өзара қарым-қатынас орнатуы – біздің басты жетістігіміз. Осындай іс-шаралар арқылы біз тұрғындарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтамыз. Қатысушылардың белсенділігі мен қызығушылығы бізді қуантады, алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табады», деді ұйымдастырушы әрі Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының менеджері Гүлнар Әскербекқызы.
Сондай-ақ, жарыс қорытындысы бойынша үздік ойыншылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Елқуат Елтөре