Алматы облысында экологиялық бастамаға мыңдаған адам үн қосты

Алматы облысында Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шара өтті. Күннің басты оқиғасы Бердібек Соқпақбаев атындағы Орталық саябақта ұйымдастырылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан телекөпірмен жалғасты.

Тікелей эфир барысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық даму, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары, жануарларға қамқорлық көрсету, сондай-ақ тұрғындарды тазалық мәдениеті мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары біртұтас құндылықтар жүйесін құрайтынын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл бастамаларды кеңінен насихаттауда жастардың рөлі ерекше. Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру – уақыт талабы. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұлттық идеяға айналуы тиіс екені айтылды.

Аталған шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, мемлекеттік органдар өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары, волонтерлер мен облыс тұрғындары қатысты. Телемост аяқталған соң қатысушылар саябақ аумағында ағаш отырғызу жұмыстарына кірісіп, 100 түп жас көшет егілді.

Облыс әкімі экологиялық бастамалардың маңыздылығына тоқталып, тазалық әр адамның өзінен басталатынын айтты. Оның сөзінше, көгалдандыру жұмыстары халық денсаулығын жақсартуға, экологиялық ахуалды оңалтуға және келешек ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Мұндай акциялар қоғамдағы жауапкершілікті арттырып, тұрғындарды ортақ мақсатқа біріктіреді.

Сол күні Қонаев қаласында да ауқымды сенбілік өтті. «Алматы – Өскемен» тасжолы бойында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, «Әсемтас» пен «Жұлдыз» шағынаудандары аралығында, сондай-ақ әскери бөлімдер аумағында қосымша 1000 түп ағаш отырғызылды.

Жалпы, облыс бойынша өткізілген сенбіліктерге шамамен 40 мың адам қатысып, 19 мыңға жуық көшет егілді, 300 гектар аумақ тазартылды. Барлығы 7 ірі сенбілік ұйымдастырылып, 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Экологиялық іс-шараларға 200 мыңнан астам тұрғын атсалысты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2026 жылғы 28 ақпан мен 23 сәуір аралығында Алматы облысында 700-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 344 мыңнан астам адам қамтылды. Осы кезеңде 60 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

Өңірдің 2026–2030 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар табиғатты қорғау, елді мекендерді көркейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі шаралардың жалғасы болмақ.

Экологиялық акция табиғатты қорғау мен туған жерді абаттандыру ісі қоғамның барлық буынын біріктіретін маңызды бастама екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.